Алматыда кісі қағып өлтіріп, қашып кеткен жүргізуші ұсталды

28.08.2018 18:08

Алматыда тамыздың 26-ынан 27-іне қараған түні ер адамды қағып өлтіріп, оқиға орынан қашып кеткен Lexus жүргізушісін іздеу бөлімінің инспекторлары ұстады.

Қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі түсіндіргендей, қашқын жүргізушіні қалалық магистральдерде орнатылған бақылау камераларының арқасында қолға түсіріпті. Бейнежазбаларды қарап шыққан соң тәртіп сақшылары Lexus маршрутын ғана емес, иесінің мекенжайын да анықтаған.

«Кешке жақын жас жігіт ұсталды», – деп хабарлады жергілікті полиция қызметі іздеу бөлімінің басшысы Ерік Насырбеков.

Қазір Lexus айыппұл тұрағында тұр. Тергеушілер бірнеше сараптама тағайындады. Жүргізушінің мас болған-болмағаны да анықталады.

Әзірге белгілі деректер бойынша, 24 жастағы көлік иесі жүргізуші куәлігінсіз рөлге отырған. Бұрын мас күйінде көлік айдағаны үшін құжатынан айырылыпты.