Мұз құрсауында қалған Риддер тұрғындары биліктен көмек сұрауда

Мұз құрсауында қалған Риддер тұрғындары биліктен көмек сұрауда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Риддердің тұрғындары мұз құрсауында қалды. Көшедегі көк мұздан құтыла алмаған халық кімнен көмек сұрарын білмей отыр. Аязда аулаға аққан сумен алысқан Шығыс қазақстандық шарасыз тұрғындар жауаптылар жәрдем бермесе бүкіл ауыл тасқынның астында қалады, дейді.

Қарыған қатты аязбен қатар келген тау суының арнасы қатып қалған соң, сең аулаға аққан. Жайылған жылғаға арнайы арық  жырып, ағызып жіберуге қалың қарда кедергі келтіріп тұр. Сырғанақ алаңына айналып шыға келген көшеден жүрудің өзі жұртқа жайсыздық туыдырып жатыр.  Тығырықтан жол таппаған тұрғындар төтенше жағдайға төтеп беретін жауаптыларда жуымай отыр, дейді.

«Су тасқыны болатын шығар. Себебі, маңайды қалың мұз басып қалған. Аула, бақша ішінде мұз қатып жатыр», - деді Наталья ТИТЧЕНКО.  

Таудан аққан судың тажалға айналатынын  білмей қалған халық жағдайды жадына ұстамаған жергілікті шенділерге ренжулі. Апта басыннан бері бір рет қана  келіп кеткен құзырлы мекеменің басшылары қауіптен құтылудың жолын өзгеше жолмен шешпек болған.    

«Бізге бұл жерден көшіңдер деген ұсыныс айтты. Олар үшін оңай дүние болуы мүмкін, ал біз қалай көшеміз? Мұз болса күн санап көтеріліп жатыр», - деді Валентина ШАКЕРЗЯНОВА.  

Көмектің орнына күлкілі ұсыныс айтқан құтқарушылардан қайыр болмаған соң қала халқы еріктілер жасағын жинай бастаған. Бірақ күн сайын қалыңдаған көк мұзды еріту мүмкін емес, дейді.  

«Арықты тазалап, қарларын алдық.  Тұрғындармен сөйлесіп, керек уақытында «Водоканалдың» техникаларымен ыстық су жіберіп отырмыз», - деді Риддер қалалық әкімдігінің өкілі Аслан МҰХАНОВ.  

Көк мұзда көлденеңнен құламас үшін халық құм төгумен күндерін өткізіп жатыр. Шарбақ жағалап жан сақтап отырған шығыстықтар шығынның көкесі күн жылынғанда келуі мүмкін деп қауіптенеді.  


Новости партнеров