Алматыда татуластыру орталығы ашылады. Ол - жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы дау-дамайды шешуге бағытталған. Кәсіподақтар ұйымының мәліметі бойынша, тек Алматының өзінде сот талқылауларының саны 3 есеге өскен. Айыптаулар, көбінесе жұмыскерлер тарапынан болады екен. Олардың басым бөлігі, заңсыз жұмыстан шығуына, еңбекақыларының қысқаруына шағымданады.
Татуластыру орталығы бір айдан соң-ақ алғашқы келушілерін қабылдай алады. Мұнда кез келген келіспеушілікті сол арада шешу үшін қажетті деген барлық маманды жинауға тырысқан.
«Сотқа дейінгі амалдарды жеңілдету үшін біз кәсіподақ орталығында татуласу орталығын аштық. Ол жерде судьялар, медиаторлар, өзіміздің кәсіпоадақ ұйымының жетекшілері болады»,-деді Алматы қаласы аймақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Зәуреш ӨМІРБАЕВА.
Соңғы уақытта еңбек даулары барлық сот мекемелерінде 3 есеге дейін көбейген. Бұл өз құқықтарын соңына дейін қорғайтындардың ғана есебі. Әйтпесе, қызметкерлердің көбісі заңсыз жұмыстан шығарса, жалақысын қысқартып тастаса немесе артық жасаған жұмысына қосымша ақы төленбеген жағдайда амалсыз келісіп жүре береді. Жұмыскерлердің өз құқықтарын біле тұра оны қорғауға бекінбейтіні - еңбек ұжымдарын қорғайтын мекеме жұмысына деген сенімсіздіктен болуы мүмкін, - дейді кәсіподақ өкілдері. Айтпақшы, қазір осы олқылықты түзеу үшін кәсіподақтарды жаңғырту жол картасы әзірленді.
«Бізде ақысыз кеңес бере аламыз. Біздің заңгерлеріміз осындай жеке шаруаларды қарап, өздерінің шешім құқықтарын тексеріп, сотқа дейін барып осындай қорғау жұмыстарды басқара береді. Біздің қызметкерлер дайын. Оған қоса біз қазір сырттай мамандарды қоспақшы боп отырмыз»,-деді Алматы қаласы аймақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жанат ЕСТАЕВ.
Қазіргі кезде кәсіподақтардың негізгі міндеті - еңбек дауларын шешумен қатар жұмысшылардың бос уақытын ұйымдастыру. Он шақты жыл бұрын мұндай қауымдастықтар тұрғын үй алу немесе қызметкердің баласын балабақшаға тіркеуге жәрдемдесу секілді мәселелерді шешумен ғана айналысатын. Бүгінде Алматыда құрамына 187 мың адам кіретін 657 кәсіподақ ұйымы бар. Айта кету керек, кәсіподаққа кіру билеті тегін емес. Кез келген мекеме мүшесі ай сайын өз жалақысының 1 пайызын кәсіподаққа аударып отырулары керек.
Тоғжан Аман, Рашид Шукуралиев, Алматы телеарнасы.