Криптовалюта индустриясына бақылау жасайтын арнайы заң қажет. Алматыда өткен «Криптоконференция-2018» шарасының қатысушылары Үкімет пен Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің орталық банктеріне осындай ұсыныс жасады. Олардың қатарында блокчейн жаңа ғылыми-техникалық революцияның қозғаушы күші және қаржы секторында криптосаланы дамытып келе жатқандығы айтылған. Әріптесім Азамат Әуезхан, осы тақырыпты қаузап көрді. Мәселенің мән-жайын студиямызға келіп, өзі айтып берсін. Азамат, бұл криптовалюта тенденциясы елімізде қаншалықты дамуда?
-Расында, криптовалютаға көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын құбылыс ретінде қарайтын болдық қазір. Оның үстіне, криптовалюта нарығын қатаң қадағалау туралы осы аптаның өзінде-ақ бірнеше рет жоғарғы мінберден айтылды. Сенат отырысында депутаттар да осы мәселені көтеріп, премьер-министр мен Ұлттық банк төрағасына өз сауалдарын жолдады.
«Депутаттық сауалымызға негіз болған мәселе, ол криптовалютамен келісім-шарт жасағанда экономикалық және ақпараттық қауіпсіздіктің қамтамасыз ету, азаматтардың мүліктік құқығын, бостандығына нұқсан келмейтін арнайы құжат қабылдау. Әлемнің басқа елдерінде бұл мәселеге түрлі көзқарас пайда болған. Бірі банк жүйесіне енгізіп, оған рұқсат берсе, енді бірі шектеу қойған. Елімізде аталмыш мәселеге байланысты заң қабылдау қажеттілігі туындап отыр. Бақылау жүргізіп немесе шектеу қоятын арнайы құжатты бірінші кезекте қабылдауды сұраймыз», - деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Дулат ҚҰСДӘУЛЕТОВ.
Қазақстан әлемдік криптовалюта нарығынан қалыс қалар емес, тіпті етене кірігіп жатыр. Криптоақшаны саудалауды былай қойғанда, қазір өзімізде өндіру қолға алына бастаған. ІТ мамандардың айтуынша, елімізде бұл үрдісті қалыптастыру тиімді болмақ. Өйткені Қазақстан әлемде электр қуаты бағасы арзан мемлекет ретінде екінші орын алса, салқын ауа райы да өз септігін тигізіп, серверлерді суытуға көмектеседі, дейді. Оны дамыту үшін елімізде алғашқы бұлтты майнинг, яғни сол криптовалютаны өндіру қызметі де пайда болды.
«Криптовалюта әлеміне кіріп, өзіміздің орнымызды тапқымыз келді. Мен өзім ІТ маман болғаннан кейін, оны жақсы түсінемін. Қалай жасалады, қандай құрылғылар керек. Сол кезде маған идея келді. Неге осы адамдарға ұсыныс жасамасқа? Біз бұлтты сервис жасаймыз майнинг жағынан. Және де кім майнингпен айналысқысы келеді, криптовалютаны дамытумен. Өзіне қондырғылар сатып алмай-ақ, өзі маман болмай-ақ, неге біздің компаниядан серверларымыздың бір бөлшегін жалға алмасқа деген ой келді», - деді майнингтік компанияның иесі Арман ТОСҚАНБАЕВ.
Әркімнің көкейінде криптовалютаны табу үшін не істеу керек деген сұрақ туындауы мүмкін. Алдымен компьютер қажет. Виртуалды жады өте үлкен компьютер. Көрінбейтін валютаны табу үшін есептеу құралы күрделі математикалық есепті шешу керек екен. Жауабы табылған кезде операциялық жүйедегі блокқа қол жеткізесіз. Бұл сіздің биткоиныңыздың бірі болады. Бірақ барлық материалды емес, виртуалды ақшалардың саны шектеулі. Оларды табу уақыт өте қиындай түсетіні анық, дейді сала мамандары.
«Криптовалюталарды алып қарасақ, мысалы, биткойн 21 миллион биткоинмен шектелген. Зикеш те солай, 21 миллионмен. Қаншалықты көп криптовалюта табылады, соншалықты келесі блокты ашу қиынға түседі. Мысалы, биткоинның қазіргі күнде 70 пайызы дамытылған. Мүмкін 80 пайызы. Әр дамытылған блокты табу қиынға түседі. Сондықтан адамдар әр түрлі жаңа машиналар таба бастайды. Қазіргі таңда криптовалютаны дамыту үшін екі құрал-жабдық бар. Біреуі – «джипью» видеокарталары, екіншісі «асик» дейді», - деді майнингтік компанияның иесі Арман ТОСҚАНБАЕВ.
Қазақстанда криптовалютаны тауып, оны қолдануға заң жүзінде тыйым салынбаған. Дегенмен бұл жүйемен келісім жасасу әзірге қиындық туғызуда. Өйткені, оның виртуалды ақша ретінде статусы белгіленбеген. Қазір майнерлеріміз 10 пайыз көлемінде жеке құн салығын төлеп отыр. Бірақ бұл бергі жағы ғана. Жылжымайтын мүлікті, автокөлікті биткоинға айырбастаудың заңды негізі жоқ. Мұндай келісімдерді заңдастыру мүмкін де емес. Солай десек те оны пайдаланудың өзге жолдары бар көрінеді.
«Қазақстандағы биткоин ұстаушылар өте көп. Оның негізгі ерекшелігі құпиялылығында, жүйені бақылау мүмкін емес. Сондықтан бұл параның негізгі құралы болып есептеледі десем қате айтқаным емес. Банк жүйесінде жасалған операцияларды бақылауға, есептеу шығаруға болады. Бірақ криптовалюта жүйесінде бұл әзірге мүмкін емес», - деді «Tesla Club» негізін қалаушы Санжар АЛТАЕВ.
Енді криптовалютаның қазіргі жағдайына тоқталсақ. Нақтырақ биткоинға. Сарапшылардың мәліметінше, соңғы тәулікте оның айналымы 753 мың 500-ді құрап, ақшаға шақсақ 8 миллиард АҚШ долларына жеткен. Нарықтағы, жағдай да тұрақталып келеді. Қазір биткоинның орташа бағасы шамамен 9775 АҚШ долларын көрсетуде. Осыдан 10 жыл бұрын оның бағасы бір долларға да жетпепті. 2013 жылы 30 долларды құраса, жыл өткен соң, 600 долларға сатыла бастады. Ал өткен жылдың маусым айынан бастап биткоинға деген сұраныс күрт артып, 3 мың долларға, желтоқсанда 15 мыңға бір-ақ өсті.
«Жақында ғана бір биткоин бағасы 20 мың долларды құраған еді. Одан соң, 6000-ға бір-ақ түсті. Қазіргі жағдайы 8 мың мен 9 мыңның шегінде. Нарыққа қатысушылар мен оларға бақылау жасайтын орындардың әсерінен жағдай өзгеріп отырары сөзсіз. Биткоинның өсуі көп елдерде бақылау жүйесін енгізуге, сандық актив ретінде қаралуымен байланысты», - деді «Tele Trade» КТ сарапшысы Александр ЕГОРОВ(Ресей).
Қазір әлем бұл мәселеге келгенде бірнеше арнаға бөлінді. Мысалы, Австралия, Жапония, АҚШ-та бақылауға алынса, Непал, Исландияда оның қызметіне мүлдем тыйым салынған. Ал еліміздің қаржы реттеуші органы әзірге әлемдік тәжірибені зерттеп, азаматтарды сақ болуға шақырады. Өйткені Қазақстандағы бірден бір төлем жүйесі ұлттық валюта - теңге болып есептеледі.
«Криптовалютаның артында ештеңе жоқ. Эмитенті, жауапты адам болсын, жеке немесе заңды тұлға деген сияқты. Ертеңгі күні кімге шағымдана алады? Сондықтан түрлі ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырамыз. Қоғам арасындағы түрлі пікірлердің қалыптасуына себеп болып отырған жалғыз нәрсе, ол криптовалютаның бағасы болашақта өседі деген болжам», - деді ҚР Ұлттық банкі төлем жүйесі департаментінің басқарма басшысы Алина ИМАНҒАЗИНА.
Криптовалютаның құны қымбаттай ма, әлде керісінше, құлдырай ма, оны уақыт көрсетеді, әрине. Сарапшылардың айтуынша, оның курсына тіпті түрлі қауесеттер де әсер етуі мүмкін. Айтпақшы, Ұлттық банк - еліміздегі екінші деңгейлі банктер өздерінің виртуалды ақшаларын шығаруы мүмкін екендігін мәлімдеді. Сақталуы мен қауіпсіздігі кепілдендіріледі деседі.
-Азамат,бір сұрақ қояйын. Өзіңде биткоин бар ма? Болмаса қызығып, осымен айналысып көрдің бе?
-Иә, Өмір, сұрағың өте орынды. Мен өз басым мұнымен мүлдем айналысып көрмеппін. Қызығушылық танытқан да емеспін. Жауапты орындардың жасаған мәлімдемесін өзің де тыңдадың ғой. Сондықтан ең бастысы төл теңгеміз құнды болсын.