Балаларды зиян ақпараттардан қорғау тек биліктің ғана емес, ата-ананың да міндеті. Мәжілістің кезекті отырысында халық қалаулылары осы мәселені көтерді. Алғаш сөз алған депутат Бекболат Тілеухан әріптестерін жаңа заң жобаның қыр-сырымен таныстырды. Өскелең ұрпақтың болашағына алаңдаушылар аз болмады. Бірі әлеуметтік желіні сөз етсе, екіншісі сананы бұзатын шетелдік БАҚ-тың туындыларына тосқауыл қоюды ұсынды.
Бала кезде нені әдет етсең соның шырмауында қаласың деген бар еді. Бүлдіршіндердің денсаулығы мен санасын қорғау шынында да тек биліктің ғана емес, ата-ананың да мойнына артылған жүк. Мәжіліс депутаттары осыны баса айтты. «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттардан қорғау туралы» заң жобасын көпшілік назарына ұсынған Бекболат Тілеухан түйткілдерді шешудің жолдарын ұсынды.
«Жалпы алғанда заң жобасы бойынша қатігездік пен зорлық-зомбылыққа құрылған, балалардың өміріне қатер төндіретін іс-әрекетке, сондай -ақ суицидтке итермейлейтін, порнографиялық және арнайы сексуалды эротикалық көріністерді қамтитын ақпараттық өнімдерге тыйым салу қарастырылуда.Телеарналар осы талапқа сәйкес келетін ақпараттық өнімді оған сәйкестендірілген таңбамен белгілеп қана эфирге таратуы тиіс», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бекболат ТІЛЕУХАН.
Депутаттар заңға енгізуге тиіс толықтырулар мен өзгертулерді қызу талқылады. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ақпараттық кеңістікте қызмет жасайтын басқа да шағын және орта кәсіп иелері өз жұмысына жауапкершілікпен қараса деген өтініш тастады. Әрі, Ұлттық экономика министрлігі осы ұсынысты заң жүзінде енгізсе құба құп деді.
«Негізгісі балаларды зиян ақпараттардан қорғау жағдайы. Депутаттар алкоголдік және темекі өнімдерін балаларға сатпауға қатысты заң жобасында көрсетілген бапқа, тыйым салынған ақпараттық өнімдерді де енгізсе қалай болады деген ұсыныс тастап отыр. Оның ішінде порнография мен эротикалық бағыттағы туындылар бар. Сіздерде механизм дайын. Енді түсінікті ме Серік Мақашұлы?», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.
Бұл тұста отандық БАҚ-тың жұмысыда ескерілді. Бірі журналистер заңда белгіленген этиканы сақтауы тиіс, деді. Одан өзге зорлық-зомбылыққа қатысты ақпараттар түнгі 10-нан кейін көрсетілу қажет деген де сөз болды.
«Біздің ойымызша барлық ақпаратқа тосқауыл қою мүмкін емес. Себебі, әлемде түрлі лаңкестік әрекеттер орын алуда. Оны тікелей эфирде көрсетеді. Лайфқа шыққан кезде оны тоқтату қиындау. Дегенмен арнайы жұмыс тобында бұл мәселені қарастырамыз. Бірақ қоғамға маңызды көріністерді көрсетуге шектеу қойсақ, журналистің жұмысына нұқсан келтіруіміз мүмкін»,- деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан ӘЖІБАЕВ.
Мінберде отандық телекомпанияларды ғана емес, шетелдік арналар мен түрлі әлеуметтік желілерге бақылауды күшейту қажеттігі айтылды. Зорлық-зомбылыққа итермелейтін ойындар мен суицидке насихаттайтын ақпарат таратушылар заң жүзінде жауапқа тартылуы да мүмкін.
«Айта кеткен жөн,біз бұл сұрақтармен айналысып жатырмыз. «Синий китке» де тосқауыл жасалды. Қауіп-қатері бар сайттарды анықтап, ақпарат және коммуникациялар министрлігіне жіберіп отырамыз. Олар оны бұғаттап жатыр. Әрине, бала өміріне қауіпті өнімдер елімізде шетелдік азаматтардың қолымен таралса олар міндетті түрде жауапқа тартылады.Ол заңда қарастырылған», - деді ҚР Ішкі істер вице-министрі Рашид ЖАҚЫПОВ.
Бәрін айтта бірін айт. Халық қалаулылары бала қауіпсіздігіне ата-ананың да жауапкершілікпен қарауы қажеттігін айтты. Түрлі гаджеттер мен ойындардың орнын, серуен мен алмастыру қажет, дейді. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі бүгіннің өзінде бүлдіршіндерді қорғаудың жаңа тетіктерін ойлап тапқан. Оның ішінде теріс ақпараттардан тазартылған ғаламтор бар.
Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, Алматы телеарнасы Астанадан