Алматыда студенттерге арналған жаңа жатақханалардың құрылысы аяқталуға жақын. Қала әкімі Бауыржан Байбек күнделікті жұмыс сапары барысында нысандарды жіті тексеріп шықты.
Соның бірі – Бостандық ауданында салынған 400 орындық 6 қабатты жатақхана. Қазіргі таңда онда бөлмелерге жиһаз кіргізіп жатыр. Осылайша, Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті қала сыртынан қатынайтын студенттерді қажетті тұрғын үймен қамтамасыз етпек.
Сонымен қатар, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде 600 орындық 9 қабатты жатақхананың құрылысы бітуге аз қалды. Онда 11 мың шаршы болатын ғимараттың ішкі әрлеу және тиісті аумақтарды көріктендіру жұмыстары жүргізілуде.
«Бұл жатақхананы «21 ғасырдағы студенттері үйі» деп атауға болады. Бұл жерде барлық жағдай жасалған. Интернет, қажетті демалыс бөлмелері, студенттердің үйірмелері бар. Мысалы, би, вокаль, таспа жазу сияқты бөлмелердің бәрі қарастырылған. Сонымен қатар, жуынатын бөлмелер де, кір жуатын бөлмелер де осы жатақхананың жертөлесінде жасалған», – деді Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің ректоры Нұрлан ТЕМІРБЕКОВ.
Еске сала кетейік, биыл көктемде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев студенттерге жатақхананың жетіспеушілігі мәселесі барын ескеріп, «Бес әлеуметтік бастамаға» қосқан еді. Ал Алматыда 22 мыңнан аса студент тұратын жайды қажет етеді. Ол үшін соңғы үш жылда қаламызда 37 жаңа жатақхана салуды жоспарланып отыр. Бүгінде жеті жатақхананың құрылысы жүріп жатыр, төртеуі жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек. Тағы 12 жоғарғы оқу орны 4800 орындық жатақхана құрылысы үшін учаскені анықтап қойды.