Алматыда аудандық Ішкі істер басқармаларының қоршаулары бірыңғай стильде болады. Мұндай қоршау қазір Наурызбай аудандық Ішкі істер басқармасында тұр. Оған қоса, фронт-кеңселер де бой көтереді. Әйнектен жасалған қабылдау кабинеттеріне келген тұрғындарға қылмыстық және әкімшілік полиция қызметкерлері кеңес береді. Осылайша азаматтар тәртіп сақшылардан көкейдегі сауалға тез жауап алуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ арнайы бекеттер де салынады. Оның құрылысы 2019 жылы басталмақ.
«Қазіргі таңда ішкі істер басқармасының қоршап жатқан қоршаулары мемлекеттік бюджеттен бірде-бір тиын шығарылмай салынған болатын. Жетекшілердің өздерімен. Өз күштерімен. Ал келер жылға осы қоршауларды салу үшін мемлекеттік қазынадан 614 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді», – деді Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Ішкі істер департаментінің Жедел басқару орталығында қызметкерлер саны артады. Қосымша 4 жұмыс орны ашылған. Қазіргі таңда орталықта 10 оператор жұмыс істейді. Одан бөлек, 13 адам іс-тәжірибеден өтіп жатыр. Орталық қызметкерлері қазір 12 сағаттық жұмыс кестесі бойынша қызмет етуде. Ауысыммен жұмыс жасайтындықтан бос вакансия бар дейді орталық басшылары. Жалақы 40 мың теңгеден басталады. Қаладағы көлік қозғалысы мен қоғамдық қауіпсіздікті сырттай бақылап отырады. Сондай-ақ түрлі жағдайға тап болған азаматтардың қоңырауын қабылдап, жедел әрекет ету де осы қызметкерлердің міндеті.
«Қазіргі кезде жасап жатқан анализге қарағанда, күніне 12 сағаттың ішінде күндізгі кезде 1000-нан астам хабарлама түседі. Түнде де солай. Әр аптада әр түрлі хабарламалар түседі. Жалпы, ең аз дегені мыңнан асады. Операторлардың білімі жағынан құқықтық кодекстерді білуі маңызды, қаланы білуі керек. Қалада бағыт-бағдар жасай алуы керек. Қаланы білмесе қиындау болады. Дұрыс бағдар жасаса, хабарлама да тез жетеді», – деді Алматы қалалық ІІД Жедел басқару орталығы басшысының орынбасары Мұхтар АШЕЕВ.