Зейнеткердің үйінен қомақты ақша ұрлағандар ұсталды

20.03.2018 21:16

Өскеменде зейнеткерді үйіне кіріп тонады деген күдікпен үш жігіт ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 8 наурыз күні болған. Өскеменнің іргесінде тұратын 59 жастағы зейнеткер полицияға бетперде киген адамдардың үйіне тапаншамен басып кіріп, қомақты ақша мен алтын бұйымдарын тартып әкеткенін хабарлаған. Тонаушылар жәбірленушінің аяқ қолы мен аузын скотчпен матап тастаған.

«Үй иесінің аулада тұрған көлігін айдап әкеткен тонаушылар оны жарты жолда тастап қашыпты. Тоналған адам 1,5 млн теңге шығын шеккені анықталды. Күдікті үш адам қарулы тонауды алдын ала жоспарлаған. Екеуі Шығыс Қазақстанның тумасы болса, бірі Алматы облысының тұрғыны. Жастары 21-35 жас аралығында» - делінген облыстық ішкі істер департаментінің мәліметінде.

Қазіргі таңда осы оқиға байланысты соталды тергеу басталды. Күдіктілер тонаған затты жарым-жартылай ғана қайтарған.