Медеуде Star of Asia фестивалінің қатысушылары дайындықты бастап кетті

14.06.2018 17:19

Бүгін Медеуде Star of Asia фестивалінің қатысушылары дайындықты бастап кетті. Екі күнге созылатын шарада отандық, әлемдік деңгейдегі жұлдыздардан бөлек, 600 шығармашылық және техникалық маман жұмылдырылады. Музыкалық фестивалді әлемнің 118 елі тамашаласа, тікелей эфирде республикалық «ҚазақТВ» арнасы мен 300 миллиондық аудиториясы бар Түркияның АВАЗ арнасы көрсетеді. Ұйымдастырушылар әр нөмірге тыңғылықты дайындалып жатыр. Әншілерді сахналандырылған және би қойылымдары әрлейді. Екі күндік шара осы сенбіде шымылдығын түреді. Стар оф Эйжаның хедлайнерлері - Анастэйша, Араш және Серебро мен Астро топтары болады.

«Біз әр іс-шараға жаңа дүниемен келуге тырысамыз. Бұл біздің жоба. Сондықтан әрине, бұл біздің баламыздай. Дайындық ерекше. Тосынсыйлар болады, әрине, соншама көрерменді осындай жерге шақырып, жинағаннан кейін, шетелден қаншама қонақтар келіп жатыр. Сондықтан біз әр нөмірді, әр әншіні әдемілеп қойылымдармен, техникалық мүмкіндіктермен қамтуға тырысып жатырмыз»,-деді  Star of Asia Халықаралық фестивалінің қоюшы режиссёрі Назгүл ҚАРАБАЛИНА.