Осы жазда Астанаға әлемдік былғары қолғап шеберлері ағылмақ. Олар ЭКСПО көрмесі кезінде елордада бірнеше жекпе-жек өткізуді көздеп отыр. Спортшылардың қатарында жаһанға аты мәшһүр Флод Мейвезер, Мэнни Пакьяо, Майк Тайсон мен Лейла Әли сынды майталмандар бар. Одан бөлек, қазақ туын мұхиттың арғы бетінде желбіретіп жүрген Геннадий Головкин де Астанаға келеді деп жоспарлануда. Бокс кештері 31 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында өтеді. Танымал спортшылардың қолғап түйістіруі 40-тан астам елдің эфирінен көрсетіледі.
«Көп атақты боксшылар келеді. Барлығы келісімін берді. Өте үлкен бокс кеші ұйымдастырылғалы жатыр. Өте үлкен мейрам болады деп ойлаймыз», - деді Қазақстан кәсіби бокс федерациясы президентінің бірінші орынбасары Алматбек МЫХАНОВ.
Еске салайық, Астанада өтетін ЭКСПО көрмесінің басталуына тұп-тура 43 күн қалды. Халықаралық шара 3 айға жалғасады.