Бүгін қала тұрғындары «Батырларға тағзым» акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Орталық демалыс саябағынан басталған «Батырларға тағзым» акциясы дәл қазір қала көшелерімен жүріп келеді. Көріп тұрғанымыздай, іс-шараның негізгі қатысушылары – жастар. Олар бүгін бейбіт күннің жанашырларын еске алып, ер еңбегіне тағзым жасайды. Саябақ маңында басталған акцияға қатысушылардың қарасы қалың. Олар майданда етігімен қан кешкен бабасының суретін бүгінгі іс-шараға бірге ала шыққан.
«Акция барысында 20 мыңға жуық жеңіс лентасы таратылатын болады. Яғни, акцияның негізгі мақсаты – батырларымызға тағзым, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан батыр бабаларымыздың рухына тағзым етіп, олардың мәңгілік өшпес із қалдырған ерлігін қала тұрғындарына насихаттау болып табылады», – деді қалалық Amanat партиясы жастар қанатының төрағасы Әкежан Кеңесов.
«Ер есімі - ел есінде». Кешегі баба ерлігін, ата даңқын дәріптеген ардагер ұрпақтары да бүгінгі акцияға белсене атсалысты. «Тағдыр түрлі болғанымен, мұрат – біреу. Әкелеріміз үшін ең бастысы - сұрапыл соғысқа нүкте қою еді» дейді батыр баласы.
«Әкем 1938 жылы Фин соғысына қатысты. Будапеште тұрған кезде соғыс бітті деп жариялағанда қуандық дейді. Сосын Жапон соғысына қатыссын деген бұйрық алған. Әкем – иенің мақтанышым», – деді Чернобыль ардагері Карбоз Қаратайұлы.
Орталық демалыс саябағында басталған «Батырларға тағзым» акциясы Ұлы Отан соғысының даңқты жауынгерлері – 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында жалғасты.
Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы