Майдан қатысушылары мен тыл еңбеккерлерінің мерекелік бейнесюжеттері әлеуметтік желілерге орналастырылған
Ұлы Отан соғысының қаһармандары отандастарын Жеңіс күнімен құттықтап, соғыста қаза тапқан батыр бауырларын да еске алып, барша қазақстандыққа зор денсаулық, бейбіт күндер тілеп, еліміздің одан әрі өркендей беруіне ілтипаттарын білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
15-тен астам ардагер құттықтау сөз сөйледі. Олардың қатарында:
- Оңтүстік-Батыс майданындағы ұрыс қимылдарына, Сталинград шайқасына, Курск доғасындағы шайқасқа, Днепрді басып өтуге, Украинаны, Польшаны, Чехословакияны, Праганы азат етуге, Берлин шабуылына қатысқан, Қарулы Күштер сапында 43 жыл қызмет еткен, 5 орден және 35 медальмен, соның ішінде Польшаның, Чехословакияның, Румынияның, Украинаның, Монғолияның мемлекеттік наградаларымен марапатталған —Леонид Гирш;
- 47-ші атқыштар полкінің, 15-ші атқыштар девизиясының құрамында соғысқан, атқыштар взводының командирі, ІІ дәрежелі "Отан соғысы" орденімен, "Белоруссияны азат еткені үшін", "Германияны жеңгені үшін", "Жауынгерлік еңбегі үшін" медальдарымен марапатталған —Бисет Мажағұлов;
- Волхов майданында үш жыл бойы мерген болған, I және II дәрежелі "Отан соғысы", "Қызыл Жұлдыз" ордендерінің, "Жауынгерлік еңбегі үшін" медалінің иегері — Сираж Ысмағұлов;
- Қиыр Шығыс майданында соғысқан, ІІ дәрежелі "Отан соғысы" орденімен, "Ерлігі үшін" медалімен марапатталған – Ташаухан Әлімбеков;
- Сталинград шайқасына қатысушы, "Отан соғысы" және "Қызыл Жұлдыз" ордендерінің, Германияны жеңгені үшін, сондай-ақ "Маршал Г. Жуков" медалінің иегері — Василий Зинченко;
- 3-ші Украин майданында қызмет еткен, 40-шы гвардиялық дивизияның әскери-далалық хирургы, "Отан соғысы", "Құрмет" ордендерімен, мерейтойлық медальдармен марапатталған — Софа Измайлова;
- 2-ші Белорусс майданында соғысқан, "Отан соғысы" орденімен, "Ерлігі үшін" медалімен марапатталған — Қоңыр Меңдіқараев;
- Польша мен Финляндияны азат етуге қатысқан, 1-ші Украин майданында соғысқан, майдандағы әскери жорығын 1945 жылы Берлинде аяқтаған — Степан Попыкин;
- 277-ші атқыштар дивизиясының 852-ші полкінде қызмет еткен, Қытайдың Қиыр Шығыс майданында, Манчжурияда соғысқан, "Маршал Г. К. Жуков", "Жапонияны жеңгені үшін" медальдарын иеленген — Федор Сабаев;
- Қиыр Шығыстағы жапондықтарға қарсы шайқасқа қатысқан Александр Полькин бар.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығы құрметіне, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қолдауымен 18 296 адам 1,3 млрд тг көлемінде бірреттік төлем алды. Соның ішінде 202 ҰОС-ның қатысушысы мен мүгедектері 1 млн тг алды.