Алматыда әскери әндерді үй балконында орындау флешмобы басталды

09.05.2020 17:41

Қала әкімдігі Абай атындағы опера және балет театрымен бірлесіп, Жеңіс күнінде бірқатар мәдени іс-шара өткізеді

стоп-кадр

Алматы әкімдігі Абай атындағы опера және балет театрымен бірлесіп, соғыс жылдарындағы әндерді балконнан орындау флешмобын іске қосты, деп хабарлайды Almaty.tv қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы әкімдігі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрымен бірлесіп, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай бірқатар мәдени іс-шаралар өткізеді. Бұл ретте барлық іс-шара елдегі төтенше жағдай режимін ескере отырып,  адамдардың жаппай жиналуынсыз өтеді.

«9 мамыр қарсаңында әскери әндерді тұрғын үйлердің балкондарында тұрып орындау флешмобы іске қосылды. Барлық концерттік нөмірлер бейнекадрға түсіріліп, одан әрі әлеуметтік желілерге орналастыру үшін фильм-концертке біріктіріледі», - делінген хабарламада.

Концертке театрдың жетекші солистері қатысады:

– халықаралық конкурстардың лауреаты, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының вокалдан дәріс беретін оқытушысы Айдос Жабағин «Жеңіс күні» әнін орындады;

– Абай театрының солисі Дулат Тоқанов сахналас әріптестерімен бірге «В бой идут одни «старики» фильмінен «Смуглянка» әнін шырқады»;

– солист Ләззат Бірімғазина бірнеше ұрпаққа жалғасып келе жатқан «Катюша» әнін қазақ және орыс тілдерінде орындады.