Жылда Алматыдағы Астана алаңында осы уақытта ине шаншар орын болмайтын еді
Биыл мерейлі мереке – Ұлы Жеңістің 75 жылдығын өзгеше тойлауға мәжбүр болдық. Себебі, коронавирус індетінің кесірінен жарияланған төтенше жағдай қаһармандарымызды ұлықтап, көшеде портретін көтеріп жүруге мүмкіндік берген жоқ. Алматыда биыл өкінішке қарай, алаң бос тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін – қару асынып, қар төсеніп, мұз жастанған ерлердің ерен еңбегі айқындалған күн. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл. Жеңіс күні. Бұл аз уақыт емес, әрине. Бір ұрпақ қартайып үлгерген мерзімде мерекенің аталып өтілуі ерекшеленді. Отан үшін қан майданда жан берген боздақтарға жыл сайын тағзым жасалып, көзі тірілері елеусіз қалмай келеді. Ардагерлерлерге деген құрмет мәңгі солай қала береді.
Болашақтың қамы, адамзаттың ары үшін, елдің тыныштығы үшін күрескен батырлардың мейрамы күні жыл сайын Алматыдағы Астана алаңында мыңдаған адам шеру жасайтын. Жылда осы уақытта бұл алаңда ине шаншар орын болмайтын еді.
Соғыста Отан үшін жанын берген ардагерлердің ұрпақтары аталарының суретін қолдарына алып, Төлеби көшесінің бойынан жүріп өтетін. Алайда, елдегі төтенше жағдайға байланысты биыл ол шара болмады.
Осы жылы COVID-19 инфекциясының таралуына байланысты қаладағы түрлі шаралар кейінге шегеріліп, тіпті кейбірі қысқартылды. Көбі онлайн көрсетілімге көшті.
Карантиннің кесірінен алматылықтар үйде отыр. Кәсіпорындар жұмысын жандандырғанымен, демалысқа орай, адамдарды қаланың әр жерінен ғана көруге болады. Солай болғаны да дұрыс. Мамандар, қатаң тәртіпті сақтап, тиісті ережеге бағынған жөн дейді.
Қалада 9 мамыр күні болатын шеру 2013-ші жылдан бері өтіп келген еді. Әр жыл сайын оған қатысушылар саны да артып келе жатқан. Мәселен, былтыр көшеге 120 мыңға жуық адам өз аталарының портретін алып шыққан екен.
Дегенмен, бұл індетті де ерте м, кеш пе, жеңетініміз белгілі. Төтенше жағдай да, карантин кезінде де ұрпақ үшін ұран салып, қасық қанын аямаған ерлердің есімі ешқашан ұмытылмайтыны анық.
Өмір Әнуарбек, «Алматы» телеарнасы