Отан қорғау – қасиетті жауапкершілік: 95 жастағы майдангер естелігімен бөліседі

Almaty.tv
Almaty.tv
Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Ботев Нұр-Сұлтан қаласында тұрады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Отан үшін отқа түс, күймейсің». Сонау сұрапыл жылдары от пен оққа қаймықпай кеуде тосқан әр жауынгердің осы бір қанатты сөзді терең түсінетіні күмәнсіз. 95 жастағы минометші майдангер Иван Ботев осылай деп ой түйіндейді. 

16 жаста сұм соғысқа аттанған ардагер өзінің көргенін Almaty.tv тілшілеріне айтып берген еді.

Соғыс ардагері Иван Ботев 95 жылда не көрмедім дейді. Бірақ сұм соғыстың сұрапыл жылдарының ызғарында айрықша шыңдалғанын айтады. Ресейдің Кемеров облысы Яйский ауданы Верхо-Великосилький ауылында туып өскен. Орта мектепте оқып жүріп, кішкентай Ваня жұмыс та істеген. Соғыс басталғанда ол 8-сыныпта оқыпты. Алдымен майдан даласына әкесі аттанған. 1943 жылы ұрыста әкесі жараланып, госпитальға жіберілді деген хабар естігенде, ол 16 жаста болған. Дәл сол жылы бозбала Қызыл армия қатарына шақыртылады.

«Отан қорғау бүгін жай сөз болып естіледі ғой. Алайда, сол сұрапыл жылдары біздің кеудемізге қасиетті жауапкершіліктің қорғасындай салмағын құятын. Бізді бірден ұрыс даласына жібермеді. Алдымен тыңғылықты дайындықтан өттік. Воронеж мектебінің радио мамандарының қатарына қосылдым. 1500 адамнан радио шеберлер взводы құрылған болатын. 1943 жылдың қыркүйегінде оқу бітірген соң Мәскеуге жіберілдік. Полтаваға бірінші гвардиялық механикалық корпус, 1004 бірінші гвардиялық дивизияда, жеңіл артиллериялық полкта жауынгерлік міндетімді атқардым», - дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, Тыл Еңбеккері Иван БОТЕВ.

Иван Ботев 1-Беларусь майданында шайқасты. Атқыштар полкіндегі 120 мм минометтік батареяның көздеушісі болған. Сібірде туған салқынқанды жігіттің табиғи мергендігінің арқасында қарсылас жақтың дот, дзоттарын, оқ ату нүктелерін бірнеше рет жалғыз снарядпен жойған.

«Радом, Познань, Лодзь қалаларын босатып, неміс шекарасына шықтық. Ату деген қатаң бұйрық берілді. Германияның бірінші болып Шверин қаласына кірдік. Онда бірде-бір адам болмады. Оларға кеңестік әскер келіп, бәріңді кеседі, атады, өлтіреді депті. Сөйтіп Одерге дейін бардық. Берлинге дейін 90 шақырымдай қалған болатын», - дейді Иван БОТЕВ қария.

Алайда, осы уақытта Иван Ботевты Қазан қаласындағы танктік училищеге жібереді. Дәл сол жерде ол соғыстың аяқталғанын салтанатты отшашудан біледі. Бұл ерекше сәт әлі де есімде, дейді соғыс ардагері. Ұрыс аяқталғанымен, Иван Ботев әскерде қызмет ете береді. 20 жылдай танкист болып, 10 жылдай оқу бөлімшелерінде жұмыс істейді.

Ульяновск училищесінде механиктерді су астындағы жүргізуді үйреткен. 1971 жылы полковник шенімен зейнетке шықты. 30 жылдай Ресей Федерациясының азаматтық жүйесінде қызмет атқарды. Ал 2012 жылы Ресейден Қазақстанға көшіп келіп, қазақ жерін құтты қонысы санайды. Қазір ардагер қызынан немере-шөберелерін тәрбиелеп, бақытты ғұмыр кешіп жатыр.

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтан


Новости партнеров