Алматы полицейлері соғыс ардагеріне арнап аулада концерт ұйымдастырды

09.05.2022 20:06

Алматы қалалық ПД ансамблі ардагердің ауласына келіп, соғыс жылдарындағы әндерді орындап берді

98 жастағы Ұлы Отан Соғысының ардагері Қамбар Әмірұлы Сарсенов үшін 9 мамырдың таңы ерекше басталды. Себебі Алматы қалалық ПД ансамблі ардагердің ауласына келіп, соғыс жылдарындағы әндерді орындап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«ҰОС ардагері Қамбар Әмірұлы туралы осыған дейін «Жеңіс» циклінің егжей-тегжейлі материалымызда хабарлаған болатынбыз. Ол шындық пен әділдік үшін нағыз күрескер, Отанымыздың бостандығы үшін талай кескілескен шайқастардың қатысушысы. Ауыр жарақаттанғанына қарамастан, Қамбар ата соғыстан кейінгі жылдарда да азаматтардың тыныштығын күзетуге шешім қабылдады. Бүгін, осы айтулы күні,  ардагерге нағыз мереке ұйымдастырдық. ПД ансамблінің әртістері әскери шығармаларды орындады. Концерт ойдағыдай өтті. Ақсақал жастарға бата беріп, тұрғындар жанды дауыстағы әндерді ықыласпен тыңдады», деді, Алматы қалалық полиция Департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Олжас Мырзабеков.