Биыл Ұлы Отан соғысы басталғанына 77 жыл толды. Бүгін таңғы сағат 09-00-де М.Горький атындағы мәдениет және демалыс саябағында басталған «Батырларға тағзым» шеруі 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы Мәңгілік алауға гүл шоғын қоюмен аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Салтанатты шеруге 20 мыңға жуық адам қатысты. Іс-шара 2 жыл бойы коронавирус шектеулерінен кейін алғаш рет өткізілді.
Халықтың көңіл-күйіне қарап, мерекені асыға күткендігі байқалады. Сонымен қатар шеруге әскерилер, ардагерлер, мектеп оқушылары, студенттер, белсенділер және қала тұрғындары қатысты. Тәртіпті полиция қызметкерлері қадағалады.
Салтанатты марш 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағына жетті. Жеңіс күніне арналған негізгі іс-шара осында өтеді. Оның ресми бөлімі бір минут үнсіздіктен кейін Мәңгілік алауға гүл шоғын қоюмен жалғасты.
Ардагерлер, әскерилер және 1000-аса қала тұрғынымен бірге мегаполис басшысы Ерболат Досаев та батырларға құрмет көрсетті.
Одан кейін сахнада қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт басталды. Сондай-ақ ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне дастархан жайылды.
Бүгінгі мерекеде саябақ адамдарға лық толды. Меркеге орай түрлі мәдени-тарихи іс-шаралар, заманауи қазақстандық әскери техника мен қару-жарақтардың көрмесі, соғыс жылдарындағы ретро көліктер, көркем қойылымдар ұйымдастырылды.
Қала тұрғындары мен қонақтары саябақта серуендеп, мерекелік атмосферасын тамашалады.
Ардагер, тыл еңбеккерлері және басқа да соғысқа қатысушыларға алматылықтар алғысын білдіріп, гүл шоғын сыйлады.
Бүгін мерекелік шара аудан әкімдіктері жанындағы алаңқайда да, саябақтарда да, тіпті, тұрғын үйдің аулаларында да күні бойы жалғасатынын айта кетейік.