Алматылық полицейлер ардагерлерге құрмет көрсетті

Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі
Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі
Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жеңіс күніне орай Алматылық полицейлер ардагерлерге құрмет көрсетті. Салтанатты шара 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақтағы Даңқ мемориалына гүл шоғын қоюдан басталды. Ардагерлер мен Полиция департаментінің басшылары сұрапыл соғыста ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, құрмет көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қонақтар алдында сөз сөйлеген Алматы полициясының бастығы Қанат Таймерденов ардагерлерді келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтады.

«Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен қатысушылары жүріп өткен даңқты өмір жолы үлкен құрметке лайық және өскелең ұрпаққа лайықты үлгі болып табылады.  Көпшілігі арамызда жоқ, бірақ өмірден озғандардың даңқты істері ұрпақ жадында мәңгі сақталады.  Аға ұрпақтың Отанға деген шынайы сүйіспеншілігінің, жастарды жанқиярлық ерлік пен патриоттық рухта тәрбиелеудің үлгісі ретінде Жеңіс күнін біз мәңгі есте сақтап, атап өтеміз.  Біз өз тарапымыздан ардагерлерге жан-жақты қолдап, көмек көрсететін боламыз.  Әр полиция қызметкері ардагерлердің ерліктерін біліп, есте сақтауы керек, солардың арқасында еліміздің азаматтары бейбіт өмір сүріп жатыр және осы тыныштықты одан әрі сақтау бізге жүктелген», деді Қанат Таймерденов.

Бүгінгі таңда Алматы қаласының ПД-де 36 ардагер болса, олардың бірі - Ұлы Отан соғысының қатысушысы.

«Жеңіс күнін тойлау – жай ғана дәстүр емес, бұл азаттығымызды қорғаған жандардың ерлігі мен батылдығы үшін шынайы ризашылық білдіру.  Біз бейбітшілік пен еркіндігімізді бағалауымыз қажет. Ал жастар ардагерлерге әрқашан қол ұшын созуы керек», – деді Қанат Таймерденов.

Новости партнеров