Бүгінде бейбіт өмір сүріп отырған Шәңгерей ата 4 баладан 8 немере, 2 шөбере сүйіп отыр
Биыл Ұлы Жеңіске 76 жыл толады. Қанды қырғыннан алыстаған сайын зеңбіректердің дүрсілі мен әуе шабуылдардың жан түршіктірер үні тарих қатпарында қалып барады. Бірақ ерлер есімі ұмытылмайды. Соның бірі – Шәңгерей Жәнібеков. Ол соғысқа шақырту қағазы келген кезде 18 жаста еді. 1942 жылы медициналық техникумды үздік бітірген жас маманды көп ұзамай әскери бөлімде үшінші дивиязияның әскери фельдшері әрі сол топтың комсомол жетекшісі етіп тағайындайды. Байқағанымыз сұрапыл соғыстың аяқталғанына 76 жыл өтсе де, ардагердің жадында әрбір сәт кешегі өткен күндей сақталып тұр. Ұрыс даласындағы әр оқиғаны айы мен күніне дейін нақты айтып бере алады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«5 тамызда Орелда Берголовка алынып, немістер Сталинградқа қарай жылжудың орнына немістер кейін шегінуге мәжбүр болады. Содан кейін олар қанша жерден алға қарай ұмтылыс жасағанымен, мақсаттарына жетпей, шегінумен болды», – деді екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Шәңгерей Жәнібеков.
Шәңгерей ата 1944 жылы Будапештті азат ету кезінде есте қаларлық оқиғасын да айтты. Бастыпқыда шабуыл басталмас бұрын немістермен екі жақты келісімге келмек болған. Сөйтіп Мәскеуден бір топ жиналған сержант өкіл ретінде жаудың аумағына аттанады. Ешқандай қару асынбай, ресми тапсырманы орындамақ мақсатта барған оларды немістер өз құрығына түсіріп, жайратып салған екен.
«Сосын біздің жақта "Тек қана алға" деген бұйрық болды. Сол ұранмен Будапештке кіріп, оны 1945 жылы 12 ақпанда азат еттік», – деді екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Шәңгерей Жәнібеков.
Кейіннен Мәскеу қаласынан елге 1947 жылы оралған Шәңгерей ардагер бірқатар басшылық қызмет етіп, ел іргесінің берік болуына сүбелі үлес қосты. Бүгінде бейбіт өмір сүріп отырған Шәңгерей ата 4 баладан 8 немере, 2 шөбере сүйіп отыр.
«1987 жылы ардагерлер ұйымы құрылған кезде Қазақстанда 320 мың азамат соғысқа қатысқан ретінде тіркелген еді. Ал қазір бір мыңға да жетпейді», – деді екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Шәңгерей Жәнібеков.
95 жастағы соғыс ардагері коронавирусқа қарсы Спутник V вакцинасының бірінші компонентін де қабылдаған. Ол көпшілікті қазіргідей сын сағатта барынша сақ болуға шақырды. Қайталанбас ерлік көрсеткен мұндай ардагерлерімізге мемлекет қашан да қолдау көрсетуге дайын. Биыл да Ұлы Жеңістің 76 жылдық мерейтойына орай бір миллион теңге сыйақы беріледі.
Айта кетейік, қала бойынша екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 123 ардагер бар. Онымен қоса, еңбек майданына қатысушылары мен бейбіт уақытта қаза тапқан ардагерлердің жұбайлары да ескерусіз қалмайды.
Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев "Алматы" телеарнасы