Мәңгілік даңқ: алматылықтар ҰОС ардагерлерін еске алды

Мәңгілік даңқ: алматылықтар ҰОС ардагерлерін еске алды
Бүкіләлемдік пандемияға байланысты биыл Мәңгілік полк шеруі екінші мәрте онлайн форматта өтіп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әрбір портрет – өзінше бір тарих. Бүкіләлемдік пандемияға байланысты биыл Мәңгілік полк шеруі екінші мәрте онлайн форматта өтіп жатыр. Осыдан екі жыл бұрын ғана дәл осы күні  Ұлы Отан Соғысына қатысқан туғандарының суретін қолына ұстаған 100 мыңдай тұрғын жүріп өткен көшелер қазір бос тұр. Десе де алматылықтар Отан үшін күрескен өршіл бабаларының ерлігін ұлықтаудың басқа амалын тапқан. Бірі олардың фотосуреттерін терезесіне жабыстырса, енді бірі арнайы еске алу тақтайшасына ілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мәңгілік полк акциясы таңғы сағат оннан бастап ютуб платформасында өтіп жатыр. Онда қиян-кескі майданға қатысқан жауынгерлердің порттреттері көрсетіліп, рухты көтеретін соғыс жылдарының әндері шырқалуда. Бүгінгі ұрпақ мамыражай күнде майдангерлердің есімі қашан да ел есінде екенін осылайша білдіріп отыр.

Одан өзге, алматылықтар Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ата-әжелеріне құрметтің белгісі ретінде олардың портреттерін терезелерінің алдына және аулаларына қоюда. Сондай-ақ, елін қорғау үшін қан майданға аттанған жақындарының ерлігі жазылған плакаттарды ұйымдасқан түрде осындай еске алу орындарына келіп іліп жатыр.

Бұл соғыстың құны тым жоғары болды. Бүгінде әр қазақстандық отбасының майданға аттанып, жеңіспен оралған немесе сұрапыл сында өмірі қиылған туыстары бар. Солардың бірі – Гаухар Көккөзованың әкесі Айтбай Көккөзұлы. Ол нағыз қызған ұрыстың ортасында өз полктастарын құтқарамын деп жау қолынан қаза тапқан. Гаухар апай жыл сайын Жеңіс мерекесін ерекше атап өтеді екен. Бұл жолы да жергілікті дәмхананың алдында еске алу бұрышын ұйымдастырыпты.  

«Маған басқа мейрам мейрам емес. Жеңіс күні мен үшін ең сыйлы мейрам. Өйткені біздің аталарымыз, әкелеріміз біздің бақытымыз үшін соғысты. Бізге осындай жол ашты», – деді ҰОС ардагері А. Көккөзұлының қызы Гаухар Көккөзова.

Батыр бабаларының фотосуреттерін қолына ұстап, телеарнамызға келген тұрғындар да табылды. Екінші дүнижеүзілік соғыстың ардагері Нүсіп Әбдікерімовтың немересі Отан үшін жан алысқан атасы туралы естеліктерін бөлісті.

«Атамызды біз өте мақтан тұтамыз. Атамыздың 1945 жылы соғыстан оралған кезде сол аяғы, сол жағы кішкене жарақаттанып келді. Атамыздың осы уақытқа дейінгі берген тәрбиесі мен өнегесін біз мақтан тұтып, әрқашан да атамызды қолдап жүрміз деп айтамыз», – деді ҰОС ардагері Н. Әбдікерімовтың немересі Айнұр Нүсіпова.

Қанды қырғынға қазақ жерінен 1,5 миллиондай ұл мен қыз аттаныпты. 600 мыңнан астам қазақстандық сұм соғыстан қайта оралмады. Ал, бейбіт елдің ұрпақтары қан майданға қатысып, жеңіс жалауын желбіреткен осы жауынгерлер мен батырларымызды ешқашан да ұмытпақ емес.

Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров