|
09.05.2021 | 20:56
1659

Есімі ел жадында: Кеңес Одағының батыры М. Ғабдуллиннің сәулелі ғұмыры

Соғыс жылдарынан кейін Мәлік Ғабдуллин білімін жалғастырып, ғылыми-педагогикалық мекемелерде қызмет атқарды

Есімі ел жадында: Кеңес Одағының батыры М. Ғабдуллиннің сәулелі ғұмыры Егемен Қазақстан

Қан майданда қайталанбас ерлік көрсетіп, өскелең ұрпаққа Жеңіс күнін тарту еткен әр батырдың есімі ел есінде мәңгі сақтаулы. Қарға тамырлы қазақ тарихындағы өзіндік дара тұлға Мәлік Ғабдуллиннің қоғамға сіңірген еңбегі ешқашан ұмыт қалған емес. Біз де Жеңістің 76 жылдығында жүрек жұтқан қазақ баһадүрінің сәулелі ғұмырын еске алдық. Almaty.tv тілшісі Оразай Нұртай айтып берсін.

Кеңес Одағының батыры, ғалым, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы 15 қараша күні Көкшетау облысының Қойсалған ауылында дүниеге келген. 1935 жылы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтын бітіргеннен кейін, 1941-1946 жылдар аралығында Кеңес әскерінің, генерал Иван Панфилов бастаған даңқты 8-гвардия, сапында сұрапыл соғысқа қатысты. Майдан даласындағы ерлігі бүкіл одаққа әйгілі болды. Мәлік Ғабдуллиннің қайсарлығын қазақ ақындары жырына қосып, жазушылар жарыса жазды.

«Панфилов генерал бастаған сол дивизияның қатарында жауынгерлер Мәлік Ғабдуллин, жауынгерлер, одан кейін дивизияның қолбасшысы болған біздің үлкен атамыз Бауыржан Момышұлы. Сол кісілер мына ең бірінші үлкен шайқаста Мәскеудің түбінде немісті тоқтатып, бүкіл Совет Одағының тарихында қалған азаматтар», – деді генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсеков.

Соғыс жылдарынан кейін Мәлік Ғабдуллин білімін жалғастырып, ғылыми-педагогикалық мекемелерде қызмет атқарды. 1951 жылға дейін Тіл және әдебиет институтының директоры, 1963 жылға дейін Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры болды. Ғұмырлық қоржыны білімге толы тарихи тұлға өзіне дейінгі алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының жолын жалғастырды. Қылышынан қан тамған саясатта жоғалған әдебиет пен мәдениетті жаңғыртты. Ғылыми дәрежеде зерттеулер жүргізді. 8-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығын жазып шықты.

«Мәлік Ғабдуллиннің «Менің майдандас достарым», «Алтын жұлдыз», «Майдан очерктері», «Сұрапыл жылдар» атты еңбектері бар. Бұл шығармалары мектеп оқушылары үшін өте қызықты және тәлім-тәрбиеге мол еңбектер деп бағалаймын», – деді әдебиет мұғалімі Ұлжалғас Ағаділова.

Мәлік Ғабдуллин – қазақтың маңдайына біткен ұлтымыздың асыл перзенті. Оның сұм соғыста көрсеткен ерлігі, көркем шығармадағы тырнақ алды туындылары, жалпы тарихи тұлғаның еңбекке толы ғұмыры саналы ұрпақ үшін құны шексіз тектіліктің тұғырлы үлгісі бола бермек. Бүгінде батырдың есімі, Алматы мен Көкшетау қалаларындағы көшелерге, білім ордалары мен кітапханаларға берілген...  

Сұрапыл соғыстың батыры, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің ерлігі ел жадында мәңгі сақталады. Бүгінде тарихи тұлғаның есімі берілген Ғабдуллин көшесінде бейбіт күннің ақпарат майданында сап түзеген журналистер мекені «Алматы» телеарнасы қазығын қаққан. Әр батырдың арманы – ұрпағының аман болуы. Ал, бізге қалған асыл мұра Ұлы жеңістің жемісті күні.

Оразай Нұртай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир