Алматыда «Біз — Жеңістің мұрагеріміз!» эстафетасы басталды

08.02.2020 02:48

Акция аясында гвардияшылар Алматының барлық аудандарындағы ардагерлердің үйлеріне барып қайтты

28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағында бастау алған акция Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орайластырылған. Эстафета кезінде бүкіл ел аумағы бойынша Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Иван Панфилов атындағы сегізінші гвардиялық мотоатқыштар дивизиясының жауынгерлік туының көшірмесі жүргізіліп өтпек, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ІІМ-ның ұйытқы болуымен ұйымдастырылған акция 5 мамыр күні аяқталады. Осы уақыт ішінде соғыс ардагерлері құттықталып, бас-аяғы 600-ге жуық іс-шара өткізіледі. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік желідегі өзінің Instagram ресми парақшасында акцияның маңыздылығын атап өтті.

«Жыл сайын ардагерлердің қатары сиреп барады. Бізге бейбіт өмір сыйлаған жандардың ерлігін келешек ұрпақ естен шығармаулары керек», — деп жазды Б. Сағынтаев.

Сондай-ақ ол Ұлттық гвардия әскери қызметшілерінің Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинмен бірге Панфилов дивизиясының бір ротасында қызмет еткен ардагер Қайырлы Жонқабаев тұратын үйдің ауласында өткен парадтық марштың әсерлі болғанын атап өтті.

Акция аясында гвардияшылар Алматының барлық аудандарындағы ардагерлердің үйлеріне барып қайтты.