Қазақстанда Жеңістің 77 жылдығын 376 ардагер, 68 347 тыл еңбеккері қарсы алып отыр
Жеңіс күні – Президент елордадағы «Отан ана» монументіне гүл шоқтарын қойып, соғыста қаза тапқан жауынгерлер рухына тағзым етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Қасым-Жомарт Тоқаев ардагерлерді Жеңіс мерекесімен құттықтады. «Мәңгі алаудың» алдында Президентпен бірге соғыс ардагерлері де болды. Мемлекет басшысы қан майданнан оралмаған қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым етіп, гүл шоғын қойды. Бір минут үнсіздікпен еске алды. Содан кейін Республикалық гвардияның оркестрі Мемлекеттік әнұранды орындады, Құрметті қарауыл ротасы Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің алдынан салтанатты шерумен жүріп өтті. Рәсім соңында Қасым-Жомарт Тоқаев майдангерлермен әңгімелесті. Президент оларды Жеңіс күнімен құттықтады.
«Сұрапыл соғыста халқымыз күш-жігерін сарп етіп, орасан зор шығынға ұшырады. Майдангерлердің қаһармандығы мен қайсарлығының, тыл еңбеккерлерінің жанкештілігінің арқасында жеңіске жеттік. Елдің азаттығы мен ұрпақтың жарқын болашағы үшін жанын пида еткен боздақтарымызды мәңгі есте сақтау - қасиетті борышымыз», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, бірқатар басшылар да батырларға тағзым етті. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Мәншүк Мәметова ескерткішіне гүл шоғын қойды. Ал Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Әлия Молдағұлова ескерткішіне барып, Отан қорғауда қаза тапқан жауынгерлерді еске алды. Елордалық тұрғындар да өздерінің ата-бабаларына жарқын болашақ сыйлағандары үшін бастарын иді.
«9 мамыр – қуанышты, бір жағынан қайғылы мереке. Жеңіс туы желбіремесе өазіргідей тыныш өмір болмас еді. Аталарымызға, әкелерімізге мың алғыс айтамын», – деді қала тұрғыны Сұлухан Ерқалиева.
«Ұлы Жеңіс – біздің әкелеріміздің мына ұрпақтарына әкелген сыйы. Сол кіслердің арқасында еліміз осындай егемендікке жетіп, көркейіп отыр. Халыққа жақсылық әкелген мереке құтты болсын! Ардақты аталарымыз, әкелеріміз әр уақытта тарихта қалады деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Тілеуберген Ғабдуллин.
«Ата-бабамыздың еңбегін ескеріп, баламызды әкеліп, өскелең ұрпақ аталарын ұмытпау үшін насихаттап жүрміз», – деді қала тұрғыны Сәкен Жұмабеков.
Бұдан бөлек елордада жастардың қатысуымен әртүрлі акциялар мен шаралар өтіп жатыр. Ал Жеңіс күнінде бас қалада мерекелік отшашу болмақ.
Қан майданның қияметін басынан өткерген ардақты аға буынның қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Бүгінде Қазақстанда Жеңістің 77 жылдығын небәрі 376 ардагер, 68 347 тыл еңбеккері қарсы алып отыр.
Асылбек Тойбек, Ринат Өтеев, данияр Омар, «Алматы» телеарнасы