Қан майданға әр отбасының ер азаматы аттанды
Сұм соғыс жылдары жеткіншек болған қазіргі қарттар, ол кезде адамдардың біріккенін айтады. Қан майданға әр отбасының ер азаматы аттанды. Елде қалған жандар да қол қусырып отырмаған. Оттың ортасына керек жарақты осы жақтан жөнелткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қанша қиын кез болғанымен, адамдар ардан аттамай, адамгершілікті жоғары қоятын еді дейді зиялылар.
«Таңертең көшеге шықтым. Тып-тыныш, ешкім жоқ. Сосын біздің көршіміз кексе қазақ әйел болатын. Мен одан: aпай, не болып не болып жатыр? деп сұрадым. Ойбай, соғыс басталыпты. Қандай соғыс? Неміс дейтін бір халық бар көрінеді», – деді ҚР Еңбек сіңірген әртісі Тамара ҚОСУБАЕВА.
Бойжеткен көршісінің сөзіне көзін жеткізу үшін, жақын маңдағы радиоға қарай ұмтылады. Әлгі жерде қарақұрым халық жиналған, дыбыс таратқыштан «Последние известие из Москвы» хабарының дикторы соғыстың басталғанын айтады.
Осылай күтпеген жерден соғыс басталып кетті. Майданға әр шаңырақтың ер адамын алып жатты. Алматыға түрлі саланың кәсіпорындары көшірілді. Соның арқасында тұрғындар жұмыссыз қалмады.
«Соғыс басталғанда біз жас бала болатынбыз. Мектепте оқитынбыз. Бүкіл сынып болып, Балқашта метеплавленный завод болатын. Сонда барып, жұмыс істейтінбіз. Өйткені жұмысшылардың барлығы соғысқа кетті. Жас болсақ та, соғысқа біздің еңбегіміз сіңді деп ойлаймын», – деді ҚР Еңбек сіңірген әртісі Тамара ҚОСУБАЕВА.
Бұл – Алматы ауыр машина жасау зауыты. Соғыс кезінде эвакуацияланған зауыттардың бірі. 1941 жылы көшіріліп әкелінген кәсіпорын Луганск паровоз жасау зауытының үш цехы негізінде құрылды. Мұнда соғыс кезінде майданға қажетті өнім шығарылған. Мекеме жүздеген адамды жұмыспен қамтыды. Соның арқасында Алматылықтар қол қусырып отырмады. Отбасының нәпақасын тапты.
Қазақстанның еңбек ері, жазушы, ақын Олжас Сүлейменов сұм соғыс тұсында 6 жастағы жеткіншек едім дейді. Жұмысшылардың жалақысы карта ретінде берілгенін айтады. Сол карта арқылы дүкеннен керегіңді аласың. Сонда кезекте кілең жеткіншектер тұратын еді. Қолымыздағы картаны біреу тартып алады деген қорқыныштың болмағанын еске алды.
«Алматы менің балалық шағымның қаласы. Қиын кез болса да, бақытты шақ деп айтар едім. Таңғы 06.00-дeн бастап 300 грамм нан алу үшін кезекте тұратынбыз. Мен секілді ондаған бала келетін. Оларды ата-анасы жұмсап жібереді ғой. Сонда әлгі карта мен нанды ешкім тартып алмайды. Қандай қиын кез болса да, азаматтар адамгершіліктен аттамайтын. Әділ заман еді ғой. Ондай мейірімділік соғыс кезінде де өшпеді», – деді Қазақстанның Еңбек ері, ақын Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ.
Олжас Сүлейменов ел басына күн туған кезде адамдар бірге екендерін көрсеткенін айтады. 1945 жылы 9 мамырда барлық халық жеңісті бірге тойлағанын еске алады ақын. Ал, бүгінгідей бейбіт күнде де жұрт жұдырықтай жұмылып өмір сүрсе деп тілейді жазушы. Біз айтқан әңгіменің бір тамшы ғана тарих.
Өмір Әнуарбек Мейрам Исабеков «Алматы» арнасы