Ұлы Отан соғысы ардагері: Біз ерте есейдік, біздің балалық шағымыз болған жоқ

25.04.2020 03:32

Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін де қазақ әскерлері әлемнің түкпір-түкпіріне халық қауіпсіздігін қорғауға жіберілді

Almaty.tv

Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін де қазақ әскерлері әлемнің түкпір-түкпіріне халық қауіпсіздігін қорғауға жіберілді. Сондай жанның бірі – Есімқұл Тоқсанбаев. Ол бейбіт күннің тыныштығы үшін аянбай тер төкті. Зұлмат жылдардағы талай қиыншылықты көзімен көрді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Есімқұл Тоқсанбаев – Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Венгрияға шақырылады. Қала халқының қауіпсіздігін қорғау мақсатында әскерилерді қызметке алған уақытта бозбала шағында ол да сол тізімге енеді. Жау шебінен Будапешт аймағын күзетіп тұрған кезде көпірді бұзу үшін бомба түсті дейді.  3 сарбаздың бірі сол жерде мерт болып, екі жауынгер аман қалады. Сұхбат барысында менің көрер қызығым алда екен ғой деп еске алды ардагер. Өзінен үлкен екі ағасының өмірін де сұм соғыс жалмаған.

«Содан 2 солдатымыз контузия алдық. Үшінші солдатымыз сол жерде қайтыс болды. Сонымен біз госпитальға жеткізілдік. Содан кейін бізді ауылға қайтарды. Мен екінші топтағы мүгедекпін. Мұқағали айтпақшы: «Біз ерте есейдік» біздің балалық шағымыз болған жоқ», – деді  Ұлы отан соғысының ардагері  Есімқұл ТОҚСАНБАЕВ.

Венгриядан Қазақстанға оралғаннан кейін ардегер Алматыдағы ауыл-шаруашылық институына оқуға түседі. Кейіннен өз ауылында мал дәрігері болып біраз еңбек етіпті. 92 жастағы қария бүгінде 5 баладан 21 немере, 46 шөбере және 1 шөпшек сүйіп отыр. Есімқұл ардагер көпшілікті Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтап, жас өрендерге батасын берді.

«Иә, Құдайым оңдасын, еш жамандық болмасын. Бала-шағамыз бақытты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Бақытты ғұмыр кешуге нәсіп етсін. Енді мұндай соғыс болмасын. Бала-шағамызға бақыт бер, жақсы ғұмыр бер. Аллаху акбар!», – деп батасын берді соғыс ардагері.

Майдангерлеріміздің осы жанкешті еңбектері ұрпақтан-ұрпаққа өшпес үлгі өнеге болып қалары анық. Бүгінде қазыналы қарттарымыз бен ардагерлеріміз мемлекеттің ерекше қамқорлығында. Соғыстың аяқталғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, ешкім ешқашан ұмытылмақ емес.

Ұлағат Арғын, «Алматы» арнасы