|
27.04.2020 | 23:00
8004

Ұлы Жеңіске 75 жыл: Шаруа қожалығындағы бар малын сатып, қаражатын әскери ұшақ алуға жұмсаған ардагер жайында

Жұқалтай Рахметов «Қызыл ту» орденімен марапатталған

Ұлы Жеңіске 75 жыл: Шаруа қожалығындағы бар малын сатып, қаражатын әскери ұшақ алуға жұмсаған ардагер жайында Almaty.tv

Алдағы мамыр айындағы мерекелерді де үйде атап өтуге тура келеді. Бірақ Жеңіс күнінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің бірде-біреуі елеусіз қалмайды деді Президент бүгінгі мәлімдемесінде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мемлекет басшысы соғыс және тыл ардагерлеріне материалдық көмек берілетінін де жеткізді.  Ал, біздің арна Ұлы отан соғысы жылдары ерлік көрсеткен батырлардың есімін ұлықтауды жалғастыра бермек.

Ел басына төнген зұлмат заманда халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету және Отан қорғау жолында берілген аз да болса көмек өте маңызды еді. Себеп – ол замандағы жағдай мүшкіл, қауіп пен қатерге толы уақыт. Қай-қайсысы болмасын, қазақ халқына жеңіл тимегені анық. Осындай кезде ауыл арасында жаны жомарт, жүрегі кең азаматтар да аз болмады. Соның бірі – Жұқалтай Рахметов. Ол соғыс жылдары өз шаруа қожалығындағы бар малын сатып, майдангерлерге ұшақ сатып алып берген.

Ұлы Отан соғысы жылдарында ұрыс даласындағы сарбаздарға жылы киім мен тамақтан бөлек, әскери техниканың да тапшы болғаны жасырын емес. Осы мақсатта майдангерелерге көмек беру үшін Жұқалтай Рахметов  шаруа қожалығындағы бар малын сатып, түскен қаражатты әскери ұшақ алуға жұмсайды. Көрсеткен жомарттығына КСРО қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы Иосиф Сталиннің өзі тәнті болады. Мәскеуден арнайы алғыс хат жіберіп, жомарт жанды «Қызыл ту» орденімен марапаттапты.  

«Мынау – менің әкем, мынау – Сталиннің жіберген алғыс хаты. Осыған мынандай марапат келеді. Сол кезде әкемнің қуанғаны соншалық,  елге қуанышын материалдық жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік пен көмек көрсетеді, Сталиннен хат келгеннен кейін, тағы көмек көрсетеді», – деді Ж. Рахметовтың қызы Кенжетай РАХМЕТОВА.

Жұқалтай Рахметов – Атырау облысының тумасы. 1935 жылы Астрахань қаласындағы кооператив техникумында оқып, бухгалтерлік мамандық алады. Әр жылдары басшылық қызметтер атқарған.  Рахметовтар отбасы үлкен. Бүгінде әулеттің 10 бала, 50 немере, 122 шөбере мен 19 шөпшегі бар. Балалары мен туыстары: «оның тірі кезінде үйіне дүние жинамайтынын, бар дүниесін халқына беретін қайраткер болды», – дейді.

«Ол – өз қара басының қамы емес, біріншіден, халықтың қамы елдің қамын ойлаған кісі. Өзіне бір пайда түсетін болса, жанындағы халқының тұрмыс-тіршілігінің көтерілуін қалаған қайырымдылық шарапаты өте мол болған кісі. Бұл кісінің жақсы жағын  халық та біледі, ел де біледі. Халықтың қалаулы, елдің елеулі азаматы  осындай болады деп мен ойлаймын», – деді Ж. Рахметовтың күйеубаласы Өсербай ҚОЖАБЕРГЕНОВ.

Қазақтан шыққан тұңғыш палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы да осындай ерлік көрсеткенін ел біледі. Қара күштің иесі атанған батыр да 1944 жылы бар дүниесін сатып, 100 мың сом тұратын ұшақ сатып алып, Жеңіс қорына аударады. Мұндай батырларының ерлігі мен жомарттығы бүгінгі ұрпаққа үлгі болып қалары сөзсіз. Ал, ер есімі қашанда ел есінде.

Ұлағат Арғын, «Алматы» арнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир