Алматыда балаларға арналған дамыту орталығы ашылды

25.08.2022 19:06

Орталықты көпбалалы ана ашты

Almaty.tv

Балаларға арналған дамыту орталығын «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 2 млн. теңге көлемінде грант ұтып алған көпбалалы ана Раушан Дәулетқызы ашты, деп хабарлайды Almaty.tv

Орталық «Қисса айту және тыңдау үйі» деп аталады. Ондағы сабақтар қазақ ертегілерінің, аңыздарының, эпостарының және халық ауыз әдебиеті шығармаларының - жыр, өлең, толғау, бата әңгімелері негізінде өтеді. Дәл осы ауызекі тіл арқылы балалардың ақыл-ой, адамгершілік дамуында керемет жетістіктерге қол жеткізуге болады деп есептейді грант иегері.

«Бүгінгі таңда ата-аналар қауымдастығының алдында екі маңызды міндет тұр: баланы смартфонға тәуелділіктен арылту және оның назарын кітаптарға аудару. Біз бүгін нені көріп отырмыз? Көптеген қалада тұратын балалар ана тілін білмейді, бос жүреді, өмірдің мәнін түсінбейді, уақыттарын босқа өткізеді. Олардың көздерінде нұр жанып тұрмайды, идеялары мен мүдделері, болашаққа жоспарлары және үлкен армандары жоқ. Біз, ата-аналар ретінде, ересектер балалар үшін жауапкершілікті өз қолымызға алуымыз керек. Біз олардың санасын дұрыс бағытқа бағыттауымыз керек. Ол үшін велосипед ойлап табудың қажеті жоқ, біздің өзіміздің сан ғасырлық тарихымызға, халқымыздың салт-дәстүрлеріне жүгінуіміздің өзі жеткілікті», - дейді Раушан Дәулетқызы.

Бүгінгі күні орталыққа 5 жастан 15 жасқа дейінгі 30-ға жуық бала барады, ай сайынғы төлем құны 15 мың теңгені құрайды. Грант қаражатына кәсіпкер қажетті құрал-саймандарды, жиһаздарды (парталар, орындықтар, диван), көрпешелері мен жастықтары бар киіз үй түріндегі халық шығармашылығы бұрышын, ата-аналарға арналған бөлмені безендірді, ғылыми және танымдық әдебиеттерді, оқу құралдарын сатып алды. Орталықта сондай-ақ «Ана мектебі» жұмыс істейді. Раушан бала мектепте ұстаздан білім алғаннан кейін ананың қосымша қолдауына мұқтаж деп санайды. Раушан аналарға балаларымен не туралы сөйлесу керектігін, үй тапсырмаларын қалай бірлесіп орындау керектігін, баланы оқуға қалай бейімдеу керектігін, оған рухани құндылықтарды қалай сіңіру керектігін үйретеді. Раушан сондай-ақ жас аналарға өз ісін ашуға үйретеді, өз тәжірибесімен бөліседі.

«Мен осындай байқауларға қатысып, жеңіске жеткенім үшін мемлекетке алғысымды білдіремін. «Qoldaý» кәсіпкерлік орталығының консультанттары маған үлкен қолдау көрсетті, олар маған грант алу жолында кезең-кезеңімен жәрдемдесті. Мен өз ісіммен жас ұрпақты дәстүрлі құндылықтар рухында тәрбиелеуге лайықты үлес қосуды армандаймын. Мен барлық білімімді қазақстандық және шетелдік замандастар мен классиктердің кітаптарынан аламын», - дейді Раушан.

Орталықтың басты айырмашылығы - сөйлеу қабілеті бұзылған балалармен жұмыс істеу болып табылады. Раушан осындай бұзушылықтарды жою бойынша 70-ке жуық түрлі техникаларды біледі, логопед сертификаты бар. Бір кездері бет бұлшықеттері мен тілін жаттықтыру арқылы ол қызын аурудан толықтай сауықтырып алған, енді ол басқа балаларға өз көмегін ұсынбақ.

Раушан Дәулетқызы келесі жылы балалар лагерінің ашылуын жоспарлап отыр, онда көркем шығармаларды оқу және талдаумен қатар кәсіпкерлік дағдыларды оқыту, тауға шығу және ойындар, көрмелер мен мұражайларға бару практикасы жүргізілетін болады. Мұндай лагерьде демалғаннан кейін бала маңызды дағдыларға ие болып, құндылықтарды қайта қарастырып, нақты мақсаттар қоя алатынына сенімді.