Елордада әскери колледжде қандай жаңа мамандық ашылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж жыл сайын 120 радиотелеграфист, инженер мен байланыс маманын шығаруды жоспарлап отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж жыл сайын 120 радиотелеграфист, инженер мен байланыс маманын шығаруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқу орны бір жыл бұрын есігін айқара ашса да, осы уақыт ішінде 117 Ұлан табандылық, батылдық қасиеттерін меңгеріп, тәртіпке үйреніп қана қоймай, қосымша мамандық меңгеріп жатыр.

Ернат Жүсіпбаев бала кезінен әскери қызметкер болуды армандапты. Сондықтан елордада әскери колледждің ашылуы туралы естігенде, еш ойланбастан осы оқу орнына түсу шешімін қабылдаған. Қазір ол еш өкінбейтінін айтады. Негізгі мамандықтан бөлек, ұсталық істің қыр-сырын меңгеріп жатқан көрінеді.

«Біз әскери колледжде тек қана әскери білім ғана емес, мысалы токорлық істі де ұйренеміз. 2-курстан кейін біз сертификат аламыз. Және де әскери колледжді бтіргеннен кейін де басқа бөлімдерде де тәжірибемізді көрсете аламыз», – деді С. Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж ұланы Ернат Жүсіпбаев.

Колледж тәрбиеленушілері оқу орнында тұрып білім алады. Олар үшін кітапхана, мұражай және басқа да қажетті жағдайлар жасалған. 1-курста ұландар жалпы білім беру пәндерін оқиды. Одан кейін балаларды радиостанцияларды зерттеуді бастайды. Соның негізінде болашақта басқару сигналдарын беру және қабылдау үшін радиоарналарды ұйымдастыру мүмкін болады. Колледжді бітіргеннен кейін түлектер байланыс маманы атанады. Ал сабақтарда балалар компьютерлерде бағдарламалық жаттығу құралдары арқылы білім алады.

«Қазіргі таңда Ұландардың басты мақсаты – қазіргі заманғы әскери арнайы радиациялық, химиялық-биологиялық қорғау техникалары мен аспаптарын жетік меңгеріп, болашақта сарбаздарға ары қарай өз іс-тәжірибелерін жалғастыратын білікті, кәсіпқой сержант ретінде әскери бөлімдерге барып өз қызметін жалғастырады», – деді Әскери колледждің аға оқытушысы Қанат Сартаев.

Ұландарды оқытуда әскери мамандандырудан бөлек, патриоттық тәрбиеге көп көңіл бөлінеді. Оқу орнында балалардың бойына  халыққа деген адалдық, Отанға деген сүйіспеншілік қасиеттер дарытылады. Биыл «Балалар жылына» басымдық беріліп, іс-шараны соған арнап жатыр.

«ҚР Президенті 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Балалар жылына біз аталған іс-шараларды жоспарлы түрде атқарудамыз.  Атап айтсақ, ҚХА бірлесіп  «Егеменді еліміздің 30 танымал тұлғасы» жобасына біздің балалар қатысты. Аталған жобада қазақтың батырлары туралы тікелей эфирде өздерін жүргізуші ретінде таныстырып көрді», – деді Әскери колледж бастығының орынбасары Серік Байғұлов.

Колледжде қатаң әскери тәртіп. Екі күн демалады. Егер басқа қалалардан болса, онда олар жылына екі рет - жазғы және қысқы демалыста үйлеріне баруға мүмкіндік алады.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, «Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров