Алматы әкімдігі қызметкерлері «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорына бір күндік жалақысын аударды. Бұл туралы Алматының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штабтың отырысында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11 қаңтарда Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжiлiсі отырысында берген тапсырмасын орындау аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры құрылып, қор басшысы тағайындалды. Осыған байланысты Алматы қаласы әкімдігі қызметкерлері «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорына бір күндік жалақысын аударуға шешім қабылдады», – деді қала әкімі.
Айта кетейік, «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының басшысы болып Болат Жәмішев тағайындалған болатын.
«Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының міндеттері:
• денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларында мемлекеттік қолдау шараларынан тыс қосымша қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қазақстан халқына қайырымдылық көмек көрсету;
• төтенше жағдайлар кезінде және төтенше жағдай режимі енгізілгенде зардап шеккен халыққа көмек көрсету;
• халықтың әлеуметтік осал топтарынан мұқтаж балалар мен балалар үшін спорттық инфрақұрылымның дамуына және оның қолжетімділігін арттыруға жәрдемдесу;
• Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдары, арнайы органдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің отбасыларын қолдау;
• Қор қызметінің өзге басым бағыттары бойынша қайырымдылық көмек көрсету.
Алматының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штабтың отырысын төмендегі сілтемеден көре аласыздар.