Әліпбиді реформалау жөнінде келелі ой қозғады – Мейрамбек Төлепберген

Әліпбиді реформалау жөнінде келелі ой қозғады – Мейрамбек Төлепберген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық арна тілшісіне берген сұхбатында көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап бергенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан» ТРК арнасынан мемлекеттік тілде берген сұхбатын тыңдап, біраз жайға қанықтым. Мұны көптен күткен едік, міне, енді үмітіміз ақталды. Менің мамандығым журналист, сондықтан жүргізуші Жайна Сламбектің сұхбатты жүргізу мәнеріне, қойған сұрақтарына мән бердім. Көптің көңілін алаң қылып жүрген мәселелердің бәрін көтерді, айтылмаған, жасырын ештеңе қалмады. Мемлекет басшысы сауалдардың бәріне тосылмай, тартынбай тыңғылықты жауап беріп отырды. Риза болдым», – деді депутат.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының «Қазақтың тағдырын қазақтың өзі ғана шешеді» деп түйіндеуі көпшіліктің көкейіндегісін дөп басты, жүректерге сенім ұялатты.

«Президент елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға наразы болып, алаңға бейбіт митингіге шыққан жұрттың шеруін сырттан келген әлдекімдердің жымысқы саясат үшін пайдаланып кеткеніне, оның арты қантөгіске ұласқанына қатты қынжылыс білдірді. Қаңтар бүлігі туралы айта келіп, «Қазақтың тағдырын қазақтың өзі ғана шешеді» деп түйіндеуі көпшіліктің көкейіндегісін дөп басты, жүректерге сенім ұялатты деп білемін. Одан қандай сабақ алуымыз керек екендігін де естіртті.  Қаңтар оқиғасы кезінде ел ішіне ҰҚКШ әскерін енгізгеніне өкінбейтінін және Қазақстанның одан Ресейге борыштар болып қалмайтындығын сенімді түрде жеткізді. Сондай-ақ Тұңғыш Президенттің тарихи еңбегінің зор екенін де тілге тиек етіп, өткенді жоққа шығаруға болмайтынын ескертті.  Одан бөлек, кадрлық ауыс-түйістер жөнінде ой қозғап, «Лауазым – мәңгілік дүние емес, мемлекеттік қызмет – эксперимент алаңы емес» деп, елдік мәселеде сақтықтың, парасаттылықтың керек екенін меңзеді. Мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты, әліпбиді реформалау жөнінде келелі ой қозғады. «Жаңа Қазақстанды» құру ісінде заң үстемдігінің салтанат құруы тиістілігіне тоқталды. Жалпы Мемлекет басшысы осы шағын сұхбатта қоғам үшін, мемлекет үшін маңызды мәселелердің бәрін қамтыды деп ойлаймын», – деді Мейрамбек Төлепберген.

Новости партнеров