Қазір халқымыз республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан Жаңа Қазақстанды одан әрі нығайту міндетіне жұмылды. Мұндай пікірді ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық кітапхана одағының төрайымы, мәдениет саласының үздігі Бақытжамал Оспанова айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Nur Otan партиясы атауының өзгеруі әбден заңды. Себебі, бұл – ел-жұрттың көптен бері ойында жүрген көкейкесті мәселе.
«Қазақстандықтар қасіретті қаңтардан кейін қабырғасына батқан бірқатар проблемаға жаңаша баға бере бастады. Сондықтан билік басындағы партия атауының «Аманат» деп өзгеруі қоғамдағы көптеген толғақты мәселелерге жауап береді. Сонымен қатар, бұл атау партияның сан-салалы қызметінің басты бағыттарын айқындап береді. Баршамыздың мақсатымыз – ата-баба аманаты: ұлттық асыл қасиеттерімізді, кең-байтақ жерімізді көздің қарашығындай сақтап, бірлігімізді нығайту», – дейді Бақытжамал Оспанова .
Сонымен қатар, ол халық Жаңа Қазақстанды одан әрі нығайту міндетіне жұмылғанын тілге тиек етті.