Алматыда «Жаңа Қазақстан. Күшіміз бірлікте» атты фестиваль-концерті өтті

20.03.2022 16:21

Мыңдаған жас алдымен аяғынан тік тұрып Әнұран шырқады

Almaty.tv

Ел жастары Жаңа Қазақстанды құруға дайын. Бүгін 15 мыңнан аса белсенді жас Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауына қолдау көрсетті. Осы мақсатта Алматыда қала жастарының ең ірі жобасы «Жаңа Қазақстан. Күшіміз бірлікте» атты фестиваль-концерті өтті. Мыңдаған жас алдымен аяғынан тік тұрып Әнұран шырқады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жолдаудың мәнін, кез келген қоғамның қозғаушы күші әрі болашағы жастар екенін терең түсінген белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау бастаған ел азаматтары бүгін осылайша мыңдаған жастың басын бір арнаға қосты. Алғаш болып сөз алған меценат әлемдегі геосаяси жағдайларды, елдегі өзгерістерді ескеріп, Жаңа Қазақстанды қалай орнатамыз, қазақ үшін пайдалы не істей аламыз деген рух бізді де оятты деп ағынан жарылды. Осы ретте ол мықты болашақ құратын болсақ алдымен бір-бірімізді құрметтеп, мойындаудан бастауымыз керек деген ой айтты. Жақсы орта қалыптастыру бәсекеге қабілетті ел болудың бірден-бір жолы екенін жиылған жасқа түсіндірді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев кеше жолдауында өте жақсы сөз айтты. Мен оны ойыма түйіп алдым. «Қазақстанды сырттан келіп ешкім жасап бермейді» деді. Әрине Қазақстанды сырттан келіп ешкім жасап бермейді. Жаңа Қазақстанды орнату сіз бен біздің қолымызда. Біз қазір неден құтылуымыз керек? мен сіздерге үнемі өзім үш G-ді айта кетейін. Біз жалқаулықтан құтылуымыз керек, жемқорлық пен жағымпаздықтан құтылуымыз керек. сонда ғана біз еліміздің патриоттары боламыз. Қазір бойымызға нені сіңірмеуіміз керек? надандық, алауыздықтан, іріткі салғандардан алыс болуымыз керек. сонда ғана күшіміз бірлікте болады. Тағы да айтамын Жаңа Қазақстанды бірігіп құрайық!» – деді кәсіпкер, меценат Сырымбек Тау.

Айта кеткен жөн жастардың басын қосу мақсатында бір топ белсенді бейресми «Жаңа Қазақстан» ұйымын құрған. Жастар қозғалысының ұйымдасуына шығармашыл жастар өкілі Оңдасын Құлымбет, G-38 студенттер қозғалысының негізін қалаушы Айсұлу Ерниязова, Жанқош Тұраров сияқты белсенді жастар мұрындық болған.

«Пандемияға дейін бізде мұндай іс-шаралар жиі болатын. Айын екі рет мысалы болатын. Адамдар бір-бірімен дос болуды, қарым-қатынастың бәрі тек платформада болып қалды. Сондықтан бүгінгі фестиваль жастардың жалындаған көздерінде от жағады. Өздері сияқты қанша адам бар екенін көреді. Олар Жаңа Қазақстанды бірге құруға, соның барысында олардың рөлі маңызды екенін түсінеді. Себебі қазіргі іштегі атмосфераны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Барлығына ұнап жатыр. біздің Президенттің жолдауын, ондағы ноталарды позитивті түрде елге қандай көмегі тиетінін дұрыс түсініп барлығы қолдап, бас қосып отырған сәт», – деді шығармашыл жастардың өкілі Оңдасын Құлымбет.

Фестивальге жастар арасына кең танылған белгілі өнер иелері, спортшылар, қоғамдық ұйым өкілдері мен кәсіпкерлер, студенттер жаңа реформалардың маңызы туралы өз ойларын ортаға салды. Кемел келешектің кепілі ретінде мемлекет саясатын қолдап, жұдырықтай жұмылуға үндеді.

«Қазіргі жастардың бойында өзгеруге, армандарына жетуге барлық қасиет пен мүмкіндігі бар. Қазіргі жастардың жүрегі таза, рухы асқақ, білімі терең, көздері ашық, көкіректері ояу. Сондықтан Жаңа Қазақстанды құру өзіміздің қолымызда дегенге сенімім мол. Президент: «Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын», - деді. Сондықтан біздің жарқын болашағымыз бүгіннен басталады. Жаңа Қазақстан - бұл біз!» – деді Қазақстан-Британ техникалық университетінің проректоры Екатерина Смолякова.

Біртұтас ұлт болып, ел болашағын ойласақ өзгерісті өзімізден, қазірден бастау маңызды деп қадап айтты шара қатысушылары.

«Менің балаларымның он жылдан кейін бақытты болғаны керек емес, 20 жылдан кейін сапасыз білімнің кесірінен далада қалғаны керек емес. Қазір бізге қауіпсіз қоғам, байқуатты елде өмір сүрген керек. Солай емес пе? Билік те, халық та шөлмектің мың күнде емес, бір күнде сынатынын түсінді. Сондықтан да кеше Президентіміз ертең емес бүгін бақытты болатын елде өмір сүруіміз керек деп. Мемлекетімізді құртқысы келетін, құлатқысы келетін күйрегенін күтіп отырған күштер бар. Қолдарыңыздағы туды көтеріңіздерші аспанға! Осы туымызды жықпай, Алладан аманат болған ел мен жерімізді сақтап, мұзды жарып бірге жүрейік, бақытты өмір сүрейік!» – деді журналист Ерқанат Көпжасар.

Осындай жігерлендіретін сөздер жастардың патриоттық рухын бір көтеріп тастады.

«Ең бірінші біздің алға қойған мақсатымыз Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаеватың осыдан екі күн бұрын ғана жолдаған Қазақстан халқына жолдауына, соған байланысты «Күшіміз бірлікте» атты акциямызды жүргізіп жатырмыз», – деді Абай атындағы ҚазҰПУ департамент директоры Ділдәбек Дидар.

Жастар жүрген жер – мереке. Заманауи, ел сүйіп тыңдайтын әуендер шырқалып, әншілердің шоуына көзайым болды көпшілік. Ең креативті, ойы ұшқыр деген жастар өнер көрсетті.

«Қазір өнер көрсетім. Кеш керемет өтіп жатыр. Жаңа Қазақстанды бірге құруымызға қаншама жастар ат сылысып жатқанына шын жүректен қуаныштымын», – деді блогер, әнші Мерей Әбілова.

Әсем әуенге тербеліп, жаңа бір лепке бөленген жастар өз кезегінде тек қана көңіл көтеріп қоймай, бүгінгі фестивальдің мән-мағынасын жете түсінген сыңайлы.

«Президентіміздің Жолдауына қатысты ұйымдастырылған шара көңілімізден шығып жатыр. Барлығын қолдаймыз. Жаңа Қазақстанды бірге қалыптастырамыз! Соған сенеміз!» – деді студент Мира Урашева.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Біз адамдардың энергиясына, таланты мен еңбекқорлығына арқа сүйейміз. Әрбір азаматтың өзін-өзі жүзеге асыруы үшін барынша қолайлы жағдай жасаймыз. Тек осылай ғана біз халқымыздың жасампаздық әлеуетін арттыра аламыз» деп атап өтті. Жалпы жастарға, келер ұрпақтың тәрбиесіне дана халқымыз ықылым заманнан ерекше мән берген. Еліміз осы дәстүрден еш айныған емес. Жастар тәрбиесі, олардың білімді де білікті, бәсекеге қабілетті болуы үшін мемлекет бар мүмкіндікті жасап жатыр. Кешегі жолдаудың өзі осы өскелең ұрпаққа бағытталғаны анық. Президент жасампаз ел, сауатты ұрпақ қалыптастырудың жаңа жолын, Жаңа Қазақстанды өркендету бағытын көрсетіп берді. Айтылған реформалар жастарсыз дұрыс жүзеге аспайтынын жаңа буын өкілдері жете түсінеді. Сондықтан да мықты мемлекет құруға белсене араласуға әзір.

Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев, Мейрам Исабеков «Алматы» телеарнасы