Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Алматы қаласының Туризм басқармасы ҚР ҰҚК Шекара қызметі жанындағы шекаралық бақылау басқармасымен және Алматы халықаралық әуежайымен бірлесіп «Тәтті кәдесый» акциясын өткізді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Халықаралық жолаушылар терминалындағы паспорттық бақылау аймағында шетелдік қонақтарға Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін бейнелейтін шоколад ұсынылды. Тәтті сыйлықпен бірге қонақтарға жергілікті қолөнер шебері бояған киіз үй түріндегі ескерткіш төсбелгілері тарту етілді.
Осылайша, «табалдырықтан» аттаған туристерге 16 желтоқсанда еліміз үшін қандай ерекше мереке аталып өтетіні түсіндірілді. Мұндай іс-шара қаланың беделін нығайтуға және Алматыны туристерге тартымды етуге бағытталған.
Айта кетейік, Қазақстанға келетін әрбір екінші шетелдік турист міндетті түрде Алматыны аралайды. 9 айдың қорытындысы бойынша мегаполистегі туристер саны 17,4% өсіп, 1,5 миллион адамнан асты, оның ішінде 400 мыңнан астамы – шетелдік, 1 104,6 мыңы – ішкі туристер.
Елімізге Ресей, Қытай, Үндістан, Түркия, АҚШ, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Қырғызстан, Германия сыңды мемлекеттерден қонақтар көп келген.
Оқи отырыңыз: Желтоқсанда қазақстандықтар қанша күн демалады