Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады

24.10.2023 17:17

25 қазан – еліміздің басты мерекесі

Акорда

25 қазан – еліміздің басты мерекесі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтап, бірнеше азаматты марапаттады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мемлекет басшысы 33 жыл бұрын Қазақстанның егемендігі туралы декларацияға қол қойылғанын еске алып, 25 қазан – Алаштың арманы орындалған күн екенін қадап айтты. Әлихан Бөкейханның «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» деген сөзін Президент мысалға алып, қазақстандықтарды ауызбіршілікке шақырды.

– Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Тәуелсіздікті сақтау бұл – ең алдымен, тұтас ұлттың жауапкершілігі. Біз егемендікті тынымсыз еңбекпен, мызғымас бірлікпен күн сайын қорғауымыз керек. Ең бастысы, еліміздегі тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Себебі, тыныштық болмаса, басқаның бәрі бекер, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Қазақстанның алдында бұрын-соңды болмаған сын-қатер барын еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаев «Қастерлі тәуелсіздікті қорғап, жан-жақты нығайту – ортақ міндет, қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы перзенттік парыз» деді. Президент радикализм, экстремизм, вандализмге жол берілмейтінін қадап айтты. Заңға қайшы келетін, азаматтардың арасына іріткі салатын және тұрақтылыққа сына қағатын кез келген сөз бен әрекетке қатаң тосқауыл қойылады.

– Мемлекет радикализмнің, экстремизмнің, құқықтық нигилизмнің және тұрмыстық вандализмнің кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік саясатын ұстанатын болады. Елімізде өктемдік пен өшпенділікке, қоғамдық тәртіпті аяқ асты етуге, зорлық-зомбылыққа шақыруға, азаматтардың ар-намысын таптайтын әрекет жасауға жол берілмейді. Бұл талапқа бағынбау мемлекетке де, қоғамға да қарсы шығу деп бағаланады. Мұны әсіресе, ел алдында жүрген және халыққа сөзі өтімді азаматтар терең түсінуі керек, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев «реформаны жүзеге асырғанда, ең алдымен, ішкі саяси тұрақтылықтың маңыздылығын естен шығармауымыз керек» деді. Олай болмаған жағдайда Қазақстанның мемлекеттілігіне зор қауіп-қатер төнуі және оның салдары ұлт болашағы үшін ауыр болуы мүмкін екенін ескертті.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана


Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысының Жарлығымен бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар тапсырылды