Президент: Үкіметтің алдында Алматының келбетін бұрынғыдан да жақсарту міндеті тұр

13.01.2022 17:42

Қала тіршілігін қамтитын барлық саланың жұмысы белсенді түрде қалпына келтіріп жатыр

Фото: Бауыржан Карипов

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілердің туған-туысымен кездесті. Оларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сонымен қатар жұмыс сапары барысында жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында болды. Полиция департаменті Шұғыл әрекет ету басқармасының орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Алматыға жұмыс сапары кезінде алдымен Президент қайғылы оқиғадан қаза тапқан полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілердің туған-туыстарымен кездесті. Мемлекет басшысы қайғыра көңіл айтып, отбасы мүшелерімен әңгімелесті. Қасым-Жомарт Тоқаев әскери және қызметтік міндетін орындау кезінде көрсеткен батырлығы мен жанкештілігі, мемлекет мүддесін қорғау барысында көрсеткен ерліктері үшін біріне жар, біріне әке болған марқұмдарға берілген наградаларды туған-туыстарына табыс етті.

«Олар – халқымыздың қауіпсіздігі, еліміздің болашағы үшін өз жанын құрбан еткен нағыз батырлар. Біз олардың ерлігіне тәнтіміз, ешқашан ұмытпаймыз. Олар халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Сіздердің отбасыңыз назардан тыс қалмайтынына сөз беремін. Баспана болсын, балалардың оқуы болсын, барлық мәселеге әрқашан көмек көрсететін боламыз», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: Ақорда

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Алматы қаласындағы жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында болып, террорлық акті кезінде зардап шеккен азаматтармен әңгімелесті. Президент жараланғандардың хал-жағдайларын сұрап, олардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Күштік құрылымдардың зардап шеккен барлық қызметкеріне де көмек көрсетілетінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы Полиция департаменті Шұғыл әрекет ету басқармасының орталығына да барды. Шұғыл әрекет ету орталығында қала аумағындағы шұғыл жағдайлар туралы түскен ақпараттар тәулік бойы үздіксіз жиналып, оларға талдау жасалады және құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Жұмыс сапары соңында Президент жедел штабтың отырысын өткізді. Президент Үкіметтік комиссияға Алматы қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, инфрақұрылым нысандарын, оның ішінде мемлекеттік, құқық қорғау және арнаулы құрылымдардың ғимараттарын, бейнебақылау жүйесін қысқа мерзім ішінде қалпына келтіруді тапсырды.

Фото: Ақорда

«Өздеріңізге мәлім, Алматы – менің туған қалам. Осында дүниеге келдім, оқыдым. Алдымызда қысқа мерзім ішінде қаланы қалпына келтіру міндеті тұр. Бұл – менің Президент ретінде және еліміздің азаматы ретінде перзенттік парызым. Қаланың қалпына келетініне еш күмән жоқ. Үкіметтің алдында қаланың келбетін бұрынғыдан да жақсарту міндеті тұр. Бұл өте үлкен жұмыс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа зардап шеккен әкімдік ғимаратында 14 қалалық басқарма болғаны, қазіргі уақытта олардың резервтік ғимараттарға, сондай-ақ әкімшілікке қарасты ұйымдарға орналастырылғаны жөнінде ақпарат берілді. Бұдан бөлек, тәртіпсіздік кезінде келтірілген шығын көлемін анықтау жұмыстары жүргізілуде.

«21 мемлекеттік ғимаратқа зақым келген. 145 бизнес нысаны да зардап шекті. Комиссия сіздің тапсырмаңыз бойынша бағалау жұмысын бастады. Қалыпқа келтіру үшін 2-3 ай керек. Алайда толығымен бұзылған ғимараттарды жөндеу үшін 8 айдай уақыт кетеді. Қаладағы барлық құрылыс мекемелері мен өзге облыстардан компаниялар жұмылдырылады», – деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қазіргі уақытта қала тіршілігін қамтамасыз ететін барлық саланың жұмысын қалпына келтіру белсенді жүріп жатқанын жеткізді. Шаһарда қаланы жылу, электр қуаты, су және газбен қамтамасыз ететін барлық нысан қалыпты жұмыс істеп тұр. Сауда орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары, базарлар, жанармай бекеттері және өнеркәсіп орындары жұмыстарын жандандыруда, қоғамдық көлік те іске қосылған. Сонымен қатар зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы