|
13.01.2022 | 13:40
727

«Жаңа Қазақстанды» құруға бәріміз атсалысуымыз керек – депутаттар

Халық қалаулылары Мемлекет басшысы көтерген мәселелердің барлығы халықтың көкірегінде жүрген сауалдар екенін айтты

«Жаңа Қазақстанды» құруға бәріміз атсалысуымыз керек – депутаттар Almaty.tv

«Ел басына қауіп төнген кезде Президентіміз бәрін өз қолына алып, батыл шешім қабылдап, бізді қиын жағдайдан сақтап қалды. Сондықтан ендігі уақытта сол кісінің айналасына топтасып, оны қолдай түскеніміз жөн». Осылай деген Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары «Жаңа Қазақстанды» құруға бәріміз атсалысуымыз керек дейді. Себебі Президент тапсырмасына сәйкес, еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.      

«Қазір әлеуметтік желіге алаңдап, күн сайын ғаламтор бетіне үңілетін кез емес. Керісінше, тіршіліктің өзегін дұрыстауға барлығымыз жұмылып кірісуіміз керек» деген Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп «еңбек етсек, қиындық атаулының бәрінен қиналмай шығатынымыз сөзсіз» дейді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы көтерген мәселелердің барлығы халықтың көкірегінде жүрген сауалдар екенін айтты.

«Біздің алдымызда тұрған міндет – Президенттің елдің жағдайын дұрыстауға бағыттау үшін берген тапсырмаларын шұғыл орындау. Сонымен бірге біртұтас ұлт екенімізді, мемлекетіміз үшін Қазақстанның кез келген азаматы бас біріктіре алатынын, парасаты бар екенін көріп жатырмыз. Сондықтан тастай жұмылу керек», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.

Мемлекет басшысы мұғалімдер жетіспейтін өңірлер үшін тиісті қолдау шаралары кешені мен аймақтарға үздік мұғалімдерді тарту бойынша арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Осы орайда, саясаттанушы Самат Нұртаза қоғамның зияткерлік әлеуетін ілгерілетуді жүзеге асыру педагогтерге тікелей байланысты дейді.

«Бізде сенім болуы керек. Бәріміз Президентке сеніп, қолдауымыз керек! Президент қиын-қыстау заманда өзінің мінезін, шешімдерін көрсетті. Президенттің «Мұғалімдер сапалы болса, болашақ ұрпақ та сапалы болады. Сапасыз мұғалімдер сапалы ұрпақ бере алмайды» деген сөзі маған ұнады», – деді саясаттанушы Самат Нұртаза.

Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева қазір «Бейбітшілік, ел ынтымағы» деген сөздердің терең мағынасын түсінгенімізді айтады. 

«Техникалық мамандар көбірек болуға тиісті деп айтып жүретін. Бұл өте дұрыс, өйткені бізде өндірісте, өнеркәсіпте саласында жұмыс істейтін мамандар өте аз. Яғни, халқымыздың әл-ауқатын жақсарту үшін осы мамандар болашақта үлкен үлесін қосады деп айтуға болады», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева.

Президент халық үшін, еліміз үшін барлық жағдайды жасап жатыр. 30 жылда жеткен тарихымызды, жеткен жетістіктерімізді де, ешкім өшіріп тастай алмайды. Мамандар әр адам жұмысына, отбасына жауапкершілікпен қараса, сонда ғана бәрі дұрыс шешіледі дейді.

Қаламқас Нысанбай, Дәурен Омар, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир