Қазақстанда халықтың табысын арттыру бағдарламасы әзірленеді. Ол туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның атап өтуінше, халықтың табысын арттыру бағдарламасын қалыптастыру үшін мемлекеттік органдармен инфляцияны тежеу, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, азаматтардың жекелеген санаттарына жалақыны арттыру және басқа да іс-шараларды қамтитын мәселелерді пысықтау ұсынылады. Бұдан бөлек, азық-түлік бағасы қалай тұрақталатыны, жанар-жағармай бағасын реттеу үшін қандай шаралар қолданылатыны талқыланды.
Алдымен Үкімет кабинеті құрамына жаңадан қосылған министрлер – Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Энергетика министрі Болат Ақшолақов, Әділет министрі Қанат Мусин, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров ант берді.
Одан кейін Президент жүктеген 2022 жылға іс-қимыл жоспарын дайындау мәселесін пысықтады. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев азық-түлік бағаларын тұрақтандыру іс-шараларын атады. Сондай-ақ ол нан бағасын тұрақтандыру мақсатында қаңтардан бастап Азық-түлік келісімшарт корпорациясы әлеуметтік нан өндіру үшін өңірлерге өткізетін астық құны субсидияланатынын айтты. Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 150 млрд теңге жеңілдікті кредит беріледі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жобасы аясында импортты алмастыру жөніндегі іс-шаралар кешені көзделді. Министрлік мынандай жедел шаралар қабылдады: 2022 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімге 125 мың тонна күнбағыс тұқымдары мен 110 мың тонна күнбағыс майы экспортына сандық шектеулер енгізу; картоп пен сәбізді экспорттауға 3 ай мерзімге тыйым салу; ірі қара мал мен ұсақ малды экспорттауға 6 ай мерзімге тыйым салу керек», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.
Бұдан бөлек, Қазақстанда бизнесті қолдау үшін төтенше жағдай кезінде несиелер бойынша айыппұл мен өсімпұлға тыйым салынды. Ал төлем қабілеті төмен тұлғаларға несие берілмейді. Сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, елден капиталды негізсіз шығаруды шектеу үшін агенттік Ұлттық банкпен және Қаржы мониторингі агенттігімен бірлесіп, трансшекаралық қаржы операцияларын бақылау шараларын күшейту жөнінде бірлескен бұйрық қабылдаған. Елден заңсыз ақша шығаруға бақылау күшейтілетінін Ұлттық банк төрағасы да айғақтады.
«Бұл бұйрыққа сәйкес операцияларды жүргізуге өтінімдер бойынша іс-қимылдар алгоритмі, сондай-ақ, күшейтілген қаржы мониторингіне жататын трансшекаралық операциялардың тізбесі бекітілді. Көрсетілген талаптар бұзылған жағдайда мұндай операциялар жедел тоқтатылады», – деді ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев.
Премьер-министр «Самұрық-Қазына» қорындағы компаниялардың қызметін реформалауды тапсырды. Және бұл қордың бір көзден мемлекеттік сатып алу үлесін қысқартуды жүктеді. Ал утилизациялық алым мәселесін реттеуді 3 министрлікке міндеттеді.
«Нақты сектор бойынша мынадай міндеттер тұр. Біріншіден, утилизациялық алым мәселесі бойынша Экология, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерімен, басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен және ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, нақты іске асыру механизмдері мен тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Екіншіден, Энергетика министрлігіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, Бас прокуратурамен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, мұнай өнімдері нарығын реттеу бойынша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын», – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.
Айта кетерлігі, жанар-жағармайдың акциздік мөлшерлемелері қайта қаралады. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтің айтуынша, жанар-жағармай нарығында үстеме бағаларға шектеу қою көзделіп отыр. Сонымен қатар Үкімет отырысында күштік құрылымдарды реформалау бойынша тапсырмалар берілді.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан