Соңғы 3 жылда кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 488 мың адам жұмысқа орналасқан. Бағдарлама шеңберінде жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 9 мың грант беру көзделген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Президент Үкіметке тұрақты өсімді 6-7 пайызға арттыруды міндеттеді. Сондай-ақ 2029 жылға дейін ұлттық экономика көлемін 2 есеге ұлғайтып, 450 млрд долларға жеткізуді жүктеді. Бизнесін бастап, кәсібін дөңгелеткендерге көмектесу маңызды. Кәсіпкерлікке қолдау көрсетеміз деген желеумен жасалатын қысымды азайтып, бәсекелестікті дамыту – күн тәртібінде тұрған келелі мәселе.
– Үкімет пен бизнес-қоғамдастық бірлесіп, кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін артық талаптарды анықтау үшін ауқымды жұмыстар жүргізді. Бүгінде оның 90 пайызы күшін жойды. Қалғаны жыл соңына дейін ретке келтіріледі. Соның нәтижесінде, 10 мыңнан астам заң нормасы жаңа реттеуші саясаттың негізгі талаптарына сай келмейтіні анықталды. Сондай-ақ бизнес субъектілерінің салықтық есебін 30 пайызға азайту жоспарланып отыр, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметіне қатысты да бірнеше мәселеге тоқталды. Оларға бизнес пен мемлекет арасындағы тиімді диалогтың негізгі өзегі болуды тапсырды. Сондай-ақ палата кәсіпкерлердің ортақ пікірін толық жеткізіп, әлеуметтік-экономикалық реформаларды ілгерілететін ұйым болуға тиіс деген еді. Қазір палата кәсіп бастаймын дегендерді оқытып, түрлі салаға бағыт-бағдар беріп жүр.
– Ол тігін тігу, сұлулық саласы, туризм, жиһаз саласы бойынша курстар жүргізілді. Тігін тігу және кондитер ісі бойынша 127 адам оқыды. Сертификат берілді, – деді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының қызметкері Сәулет Көпжасар.
Сонымен қатар ел Президенті мемлекет отандық өнім өндірушілерді қолдауға міндетті екенін жиі айтады. Шикізат үшін шетке жалтақтамай, елдің өнеркәсіптік негізін қалыптастыру да маңызды деген еді.
– Біз үйренетін ғана емес, үйрететін мемлекет болуымыз тиіс. Тұтынатын емес, өндіретін мемлекет болуымыз қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. «Қазақстанда жасалған» деген таңба ең мықты сапаның, ең жақсы өнімнің белгісіне айналуы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Еліміздегі бизнеске басымдық беріп, кәсіпкерлерге көмектесу мәселесі бұрын да айтылып жүргені рас. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оларды қолдауға қатысты жиі тапсырма береді. Соның аясында биыл жастарға шағын несие беру бағдарламасы іске қосылды.
– 21-35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлерді 5 жылға дейін қолдау шаралары көрсетіледі. 2,5 пайызбен 5 миллионға дейін шағын кәсіппен айналысуға микрокредит беріледі, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы «Мансап» орталығының басшысы Әділет Жаңабаев.
Айта кетейік, еліміздегі шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 36 пайыздан асқан. Бұл – жоғары көрсеткіш. Осы салада жұмыс істейтін адамдардың саны 4,3 миллионға жетті. Индустрияландыру жұмысы да соңғы жылдары жоғары қарқынмен жүзеге асырылып келеді.
Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Президент пластмасса бұйымдарын шығаратын «Бірыңғай шоғырландыру орталығы» ЖШС зауытына барды