Парламент регламентіне өзгерістер қажет. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Шынын айту керек, соңғы кезде Мәжіліске де, саяси партияларға да көп сын айтылып жатыр. Орындысы бар, орынсызы да бар. Бірақ, мойындайтын нәрсені мойындау керек. Біздің де көңіліміз толмайтын тұстары болды. Тіпті мынадай мәселе де бар. Оны кеше әріптестерімізбен талқылау барысында айттық. Қазіргі заңнама бойынша Парламент кез келген заңды қабылдаған кезде Үкіметке сол заңды жібереді. 61-бапқа сәйкес Үкіметтің теріс түсінігі немесе теріс қағазы болса, онда ол заң қабылданбайды не депутаттардың ұсынысы өтпейді. Яғни, «экономикалық шығынды қажет етеді», «қажеті жоқ» деп те айта салады. Мұндай талай болды. Біздің ойымызша, Конституциялық заң мен Парламент регламентіне өзгерістер қажет. Мұны бүкіл партия қолдап отыр. Осындай баптарды өзгертуіміз керек», - деді ол елордада ұйымдастырған баспасөз мәслихаты барысында.
Айдос Сарым өзекті мәселелерге байланысты жолданған депутаттық сауалдарға Үкімет тарапынан формалды жауаптар келетіндігін де ашық айтты.
«Алдағы уақытта депутаттар Үкіметке сауал жасаған кезде «жауапты қағаз жүзінде емес, бетпе-бет келіп айтсын» деп отырмыз. Тағы да қайталап айтамын, «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобын құру ол үй ішінен үй тігу емес, партия ішінен партия жасау емес», - деді Мәжіліс депутаты.