Ұлттық кеңес Жаңа Қазақстан құрудағы негізгі бағыттарды талқылады

Ұлттық кеңес Жаңа Қазақстан құрудағы негізгі бағыттарды талқылады
Жиында Ерлан Қарин саяси реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланып отырғанын айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз


Президент жүргізіп жатқан саяси реформалар – демократиялық қоғам құруға бағытталған маңызды қадам. Мемлекеттік хатшының қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелері Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа Қазақстан құруда айқындаған мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

   

Жиында Ерлан Қарин саяси реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланып отырғанын айтты. Сарапшылар демократиялық қоғамның одан ары дамуына ықпал ететін және Жаңа Қазақстанды қалыптастыратын жүйелі өзгерістер қажет дейді.  

Отырысқа қатысқандар саяси жүйені либерализация жасау үшін қандай заңдарға өзгеріс енгізу керек екенін, қандай нақты шешімдер қабылдау қажеттігіне жауап іздеді. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, білімі мен кәсіби машығын кеңейту мәселесін ортаға салды. Сонымен қатар, парламентаризм институтын толыққанды реформалау еліміздің саяси жүйесін тұрақтандыратынын айтты. 

«Президент Тоқаев біздің елімізде саяси реформалардың ары қарай жалғасатынын мәлімдеді. Енді оның негізгі параметрлері жергілікті өзін-өзі басқаруды одан ары дамыту, одан кейін Парламент институтын жетілдіру қажет, яғни оның ішінде әртүрлі партиялар болу керек. Сонымен бірге партияға кірмейтін қоғам өкілдерінің де дауысы Парламентте естілуі керек. Міне, осы мәселелер бүгін Ұлттық кеңес аясында жан-жақты қаралып жатыр», - деді ҚР Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров.

Кеңес мүшелері ендігі саяси реформаның нәтижелі болуына атсалыса береміз дейді. Қазіргі таңда әр сала бойынша Заң жобаларын құру жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.

«Алдағы уақыттағы саяси реформаның пішімі, болмысы қандай болу керек деген тұрғыда ақыл-кеңес жинап, ақылдасып отырмыз. Саяси топ, экономикалық, әлеуметтік, мәдени сияқты төрт бағытта жұмыс істеп отырмыз. Әрқайсы өз бағытын алып, соның негізінде тиісті аналитикалық жазбалар мен ұсыныстар дайындайды. Алдағы уақыттағы мақсатымыз –  аймақтарға шығу», - деді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айдос Сарым.

«Біз әлеуметтік жағдай, демократия процестер, құқықтық процестер сияқты Президент айтқан үлкен мәселелерді Ұлттық кеңес арқылы көтереміз. Біз осындай процестерде партия жүйесінде де өзгерістер болу керек деген ойдамыз. Конституцияда сондай құқықтар бар. Әр азаматтың сайлануға құқығы бар. Партиялар оны көрсетпейді», - деді ҚР Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Марат Башимов.  

Айта кетейік, кеңес құрылғаннан бері 23 заң қабылданды. Бұдан бөлек 12 заң жобасы орталық мемлекеттік органдар мен Парламент қарауына енгізілген.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан    

 

Новости партнеров