Ұлттық құрылтай мен үшін үлкен жауапкершілік – Максим Рожин

15.06.2022 20:10

Оның айтуынша, Ұлттық құрылтай – қоғамды біріктіруге жол іздейтін Президент жанындағы кеңесші орган

ашық дереккөз

Қазақстан халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті, журналист Максим Рожин Ұлттық құрылтай құрылуына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Ұлттық құрылтай мен үшін үлкен жауапкершілік. Мемлекет басшысы қол қойған құжаты бойынша, еліміз біртұтас идея мен идеология айналасында жұмыс жасау керек деп ойлаймын. Елімізде мұндай проблемалар аз емес. Соның қатарында идеологиялық, экономикалық, әлеуметтік мәселе бар», – деді журналист.

Максим Рожин Ұлттық құрылтайдың құрамында өзі күтпеген азаматтардың бар екенін және олардың құрамға кіргені өте орынды деп санайтынын жеткізді.

«Азаматтардың тізімін қарап шықтым, оның ішінде белсенді азматтарды кездестірдім. Жалпы тізім менің көңілімнен шықты. Күтпеген азаматтар да бар екен. Олардың кіргені өте орынды деп санаймын», – деді ол.

Оның айтуынша, Ұлттық құрылтай – қоғамды біріктіруге жол іздейтін Президент жанындағы кеңесші орган.

«Менің түсінгенім бойынша, Ұлттық құрылтай  – қоғамды одан әрі біріктіруге жол іздейтін Президент жанындағы кеңесші орган. Ал Ұлттық кеңесте біз бағыт бойынша бөлініп жұмыс істедік. Мысалы, мен Ұлттық кеңесте 1,5 жыл жұмыс істедім. Онда төрт топтың ішінде төрт бағытта жұмыстар жасалды. Олар – экономикалық, әлеуметтік, рухани және мәдени, саяси сияқты топтар», – деді Максим Рожин.

Ұлттық кеңес жылына кем дегенде 3 рет кездесу өткізу керек. 

«Ұлттық кеңесте болған тәжірибем бойынша, біз жылына кем дегенде 3 рет Президентпен және ай сайын бірнеше министрмен жұмыс барысы бойынша кездесу өткізетінбіз. Министрмен кездесу үшін алдын ала жалпы қоғамда туындап жатқан мәселелерді зерттеп, сұрақтар дайындап баратынбыз.

Осы құрылтай қандай  болатыны мен үшін қызық, өйткені жылына кем дегенде  1 рет кездесу керек деген ереже бар. Сонымен қатар Үкімет мүшелері  құрылтайда айтылатын дүниелерге құлақ асып, артынан есебін беру керек деген бап бар. Бұл - ертең құрылтай басында айтылатын дүниеге міндетті түрде Үкімет өкілдері, атқарушы билік кері байланыс беру керек деген сөз», – деді ол.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлттық құрылтай құрылып, оның құрамына 117 адам енген болатын.