Мемлекет басшысының кешегі арнайы сұхбаты ел ішіндегі біраз сауалға жауап берді
«Елдің тұрмысын құрғақ сөзбен емес, нақты іспен көтеру керек». Мемлекет басшысының кешегі арнайы сұхбаты ел ішіндегі біраз сауалға жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Заң үстемдігін қамтамасыз етуді қоғамдағы басты мәселе санаған Президент «құқықтық нигилизмге» жол бермеу керек екенін де баса ескертті.
«Біз қоғамда еңбекқорлық идеясын орнықтыруымыз керек. Турасын айтайық, бұл қазір ең өзекті мәселе болып тұр. Азаматтарымыз адал еңбекпен табыс табуды ең басты орынға қоюы қажет. Бақуатты ел болу биліктің жұмысына ғана емес, ол ең алдымен, әрбір азаматтың еңбегіне байланысты», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент экономикадағы белгілі бір адамдардың үстемдігіне шектеу қою керегін де ескертті. «Шынайы бәсеке мен әділеттілікке кедергі болатын мұндай әрекеттер ішкі саяси ахуалға да кері әсер етеді» деген Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің басты мақсаты – саясат пен экономикадағы монополияны жою әрі бәсекелестікті арттыру дейді.
«Бәсекенің нәтижесінде бағалар түсетін болады, сапа пайда болады. Тауар өнімінің сапасы. Ал ішкі нарықта да тауар сапалы болса, ол әлемдік нарыққа да шығарылады. Міне, осы мәселе қазіргі уақытта экономикамвз үшін маңызды және қажет», – деді экономист Мақсат Халық.