ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Индира Рыстина «Аманат» партиясы атына заты сай ұйым болу керек деп есептейді», деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Бүгін NurOtan партиясының кезектен тыс съезі өтті. Партия «Аманат» деп аталатын болды. Бірақ атаудан басқа да өзгерістер таныстырылды», - деді Индира Рыстина. ⠀
Сарапшының пайымы бойынша, саяси алаңның бүгінгі күнгі ең басты критериі – заман талабына сай қоғам талаптарын ескеру.
«Әр бір саяси институт өзгерістерге бейім болуы керек. Әсіресе халық мүддесін негізге алатын саяси партиялар. Осы үдеден шығуға тиіс. Саяси партия теориясы бойынша, партияның сыртқы және ішкі қызметтері бар. Ішкі қызметтері партияның құрылымы мен қаржыландырылуын қамтиды. Ал сыртқы қызметі халықпен қарым-қатынас орнатып, ол мүдделерді негізге ала отырып, билікке ұмтылуға бағытталған. Сондықтан да кез келген саяси партияның басты күші – халық. Партияның бар болуы да халыққа байланысты. Халықтың мұң-мұқтажын жеткізу партияның басты мақсаты болуы керек», - дейді Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері.
Сондай-ақ, ол партияның бүгінгі жиынында халық үнін билік инстиуттарына жеткізу қызметін бірінші кезектегі басым бағыты етіп белгілегенін атады. Сарапшының ойынша аталған міндетті іске асыру үшін мынадай тетіктер қолданылуы керек: кері байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру, партиялық қабылдау алаңдарының шет аймақтарға шығуы, қоғамдағы ахуалды бағалау үшін құрылған «Әлеумет» жобасы, азаматтардың өз ұсыныстарын онлайн форматта бақылай алуына мүмкнідік туғызу.
«Партияның аудиториясы кең, мүшелері көп, электораты бар. Партия осы аудиторияның ойын жинап, мәселелерді саралап, өкілетті каналдары арқылы шешуге бағытталған жұмысты тұрақты негізге қоятын болса, қоғамдағы көптеген қызуы жоғары нүктелерді азайта алады», - деді Индира Рыстина.