Д. Қамзабекұлы: Президент ұсынған Ұлттық құрылтайда тарихи тәжірибе мен қазіргі сындарлы ізденістер сарапталады

30.04.2022 20:09

Ғалымның пікірінше, Жаңа Қазақстан үшін ел бірлігі мен мемлекетшілдік – маңызды іргетас

Фото: ашық дереккөзден

Наурыз айындағы Жолдауында Президент мемлекеттік мүдде жолында этностардың ұйысуын «ауқымды өзгерістердің жүруін тездететін» фактор ретінде байыптады. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты ХХХІ сессиясында Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ғалым Дихан Қамзабекұлы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ғалымның пікірінше, Жаңа Қазақстан үшін ел бірлігі мен мемлекетшілдік – маңызды іргетас. Жаңа Қазақстанның мәні айқындалды: ол, біріншіден, елдік қауіпсіздікті қанағаттандыратын, екіншіден, азаматтардың әлеуметтік бастамаларын қолдайтын кешенді реконструкция, қайта құрылымдау.

«Жалпы өзгеріс тетігі – білім мен ғылымда. Бұл ретте зиялы қауым, әсіресе, білім-ғылым саласы мамандары Президент бастаған реформалардың маңызын жете түсініп, оны кәсіби құзыреті деңгейінде жүзеге асыруға даяр. Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынған «жалған табыстарға масаттанбаймыз, көзбояушылыққа бармаймыз» деген елдік ұстаным баршамызды ойландырып, нақты істерге жол ашады», – деді Д. Қамзабекұлы.

Халқымыздың «Жауды жеңген – жарты батыр, өзін жеңген – шын батыр» деген мың жылдық ата сөзі бар. Бұл «елің үшін, өзің үшін, ұрпағың үшін түзел, әрекет ет» дегенді білдіреді.

Қазақ елінің дәстүрлі береке-ынтымағы мен тағдыр қосқан этнос өкілдерінің парасаты мақтаныш тұтарлық, бірақ қазіргі сын-қатерлер бұл береке мен парасатты толықтыруды, байсалды, баянды етуді талап етеді. Осы ретте Мемлекет басшысы ұсынған Ұлттық құрылтайда тарихи тәжірибе мен қазіргі сындарлы ізденістердің сарапталуына сенім білдірді ғалым.

«Бірінші ұстанымымыз – сан ғасырлық мемлекетшілдік арқауымыз, екінші ұстанымымыз әрқашан елді ұйыстыруға себепші тіл мен дәстүрдің алтын қазығы – қазақ ұлтының даналығы десек, бұл тезис те әлемдік үйлесімділікке сәйкес келеді», – деді Д. Қамзабекұлы.