Халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды - Тоқаев

15.03.2024 19:53

Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды

Акорда

Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші жиыны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Аkorda.kz-ке сілтеме жасап. 

- Мен былтыр күздегі Жолдауымда Жаңа экономикалық саясатқа көшетінімізді айттым. Ақпанның басында Үкімет ауысты, жаңа міндеттер жүктелді. Дегенмен, нағыз дамыған ел болу үшін тек экономикалық мақсат қою жеткіліксіз. Әлеуметтік, шаруашылық, идеологиялық және басқа да салалардағы бағдарымызды айқындап, нақты шараларды қолға алуымыз керек. Сондықтан биыл Ұлттық құрылтайды жылдағыдай жазда емес, ертерек өткізіп отырмыз. Осы орайда, бірқатар өзекті мәселеге арнайы тоқталғым келеді, - деді Президент.

Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. 

- Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. Ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы, - деді Тоқаев.

Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет.

- Ең алдымен, мен баршаңызға Көрісу күні құтты болсын дегім келеді. Қыстан аман-есен шыққан туған-туыс, ағайын бір-бірімен қауышып жатыр. Ел арасында Көрісу күні еліміздің батыс аймағына тән мереке деген түсінік бар. Бірақ бұл қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрі екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан біз тұтас ел болып, Наурыз мейрамын осы күннен, яғни Көрісу күнінен бастап тойлағанымыз жарасымды болары сөзсіз.  

Биыл Ұлыстың ұлы күні қасиетті Ораза айының алғашқы күндерімен тұспа-тұс келіп отыр. Ұлттық Құрылтай да Әз Наурыз қарсаңында өтіп жатыр. Ұлыстың ұлы күні табиғат пен тұтас тіршілік жаңарады. Ал Құрылтайда қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалады. Жаңару мен жаңғыру жақсылыққа жол ашады. Сондықтан Құрылтай мүшелерінің жылына бір рет алқалы жиында бас қосуы игі дәстүрге айналды.

Алғашқы отырыс Ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда жиналдық. Бүгін тағы бір тарихи өлке – Атырау облысына келіп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі, - деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы басталды