AMANAT партиясы Жаңа Қазақстан идеясының айналасында топтасады – Расул Жұмалы

01.03.2022 21:15

Саясаттанушы AMANAT партиясының съезіне орай пікір білдірді

Almaty.tv

 «Партияның жаңаша AMANAT деп аталуы мен сайлаушылардың аманатын орындау арасында айқын үндестік байқалады». Осылай деген саясаттанушы Расул Жұмалы AMANAT партиясының съезіне орай пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен билеуші партияның кезектен тыс сьезі болып өтті. Қанды қаңтар оқиғаларынан кейін Президент елдегі барша саяси институттарды, оның ішінде NurOtan партиясын жаңартуға мықтап кіріскені белгілі. Партия басшылығының ауысып, заман талабына сай өзгере бастағаны соның айғағы. Онсыз орын алған қасіреттің алдағы уақытта қайталануына жол бермей, әділ де гүлденген қоғамға қол жеткізу мүмкін емес.

Тиісінше, Жаңа Қазақстан тұжырымдамасы халық игілігі тұрғысындағы нақты істермен ғана баянды болмақ. Алайда аталған міндет кейбір шолақ белсенділердің айтуынша қолда барды түгел ысырып қойып, жоқтан бастаумен немесе құр айқайшылдықпен шешілмейді. Қайта елді жікке бөліп әлсіретіп қазіргі кезеңнің іштегі де, сырттағы сын-қатерлеріне төтеп беруге кедергі келтіреді. Олай болса еншіміздегі мирасты талан-таражға салмай сақтап, керек болса кемшін тұстарын түзетіп келер ұрпаққа тапсыру керек. Партияның жаңаша AMANAT деп аталуы мен осы абыройлы міңдеттің, сондай-ақ сайлаушылардың аманатын орындау арасында айқын үндестік байқалады», - деді Расул Жұмалы.

Сондай-ақ саясаттанушы партияның қайта құру бағдарламасына қатысты ойын бөлісті.

«Партияның қайта құру бағдарламасы нақты әрі жан-жақты, сонымен қатар кез келген қатардағы мүше мен азамат бақылай алатын шаруалар жоспары болмақ. Ашықтық, әділдік, мемлекетшілдік қағидаттары AMANAT партиясының ең төменгі бірлестіктерінен бастап Мәжілістегі фракция деңгейіне дейін бұлжытпай сақталынбақ. Өз кезегінде бұдан былай партияның президент не төраға емес, ұлттық мүдденің, атап айтқанда, Жаңа Қазақстан идеясының айналасында топтасуы айрықша атап өтуді қажет етеді.

Қазақтың қоғамдық алаңында орын тепкен саяси күштер ескі алыс-жұлысты, бір-бірін қаралауды қойып, жаңашылдық талабына сай бой түзегені абзал. Көктемнің алғашқы күні бастау алып жатқан оң үрдісті жақсылыққа жориық», - деді Р. Жұмалы.