Тарих ғылымдарының докторы, Мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбіл ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатынан қандай ой түйгенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
"Президенттің «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатының қорытындысы бойынша бірнеше қызықты тұжырым жасауға болады. Біріншісі – Қ.Тоқаев бүгінде елдің бәрін алаңдатып отырған өткір тақырыптардан қашқақтамайды. Әлеуметтік желіде, мессенджерлерде, асүйлерде талқыланып жүрген сұрақтардың бәріне жауап берілді.
Екіншісі – Президентті әлеуметтік желіде сынаушылар не айтса да, ол бейбіт шерушілер мен террористердің, мародерлердің айырмашылығын жақсы біліп отыр. Құқық қорғау органдарының заңға қайшы тәсілдерді пайдалану мәселесін де жақсы түсініп отыр. Менің ойымша, бұл тақырыпқа май құюды тоқтатып, тергеу қорытындыларын күтетін кез келді.
Үшіншісі – реформалар болады. Сұхбаттың ең басты месседжі осы деп ойлаймын. Журналист сұхбатты қайта-қайта қаңтар тақырыбына бұруға тырысқанына қарамастан, Президент келешектегі реформалар, қаңтар оқиғасының сабағы туралы әңгімеге ойысып отырды.
Оның пайымынша, тек қаңтар оқиғасынан ғана емес, жалпы кейінгі 30 жылдан үлкен сабақ алуымыз керек.
Ең бастысы – Президент радикалды, жылдам шешімдерді жақтамайды. Күрделі сұрақтарға оңай жауап беріп құтылуға қарсы. Одан революция әніндегідей «әуелі өзегін құртайық, содан кейін көрерміз» дегенге саятын әрекеттер күтудің, талап етудің тіптен қажеті жоқ. Бәлкім біреулерге ол әсіре сақ көрінуі мүмкін. Бірақ оны ақылмен әрекет етіп жатқан жоқ деп ешкім жазғыра алмайды. Бүгінге дейін ол сырттағы да, іштегі де күштердің арасында теңгерім сақтай отырып, сарапталған саясат ұстанып келеді. Қазір Қазақстанға керегі де осы. Ақыры немен тынатыны белгісіз азаматтық қақтығыстарға жол беруге болмайды", – деді ол.
Дереккөзі: inform.kz