Заңға енгізілетін өзгерістер Жаңа Қазақстанды қалыптастыруға ықпал етеді – дінтанушылар

27.04.2022 21:19

Дөңгелек үстелге қатысушылар Парламент пен мәслихат өкілеттілігінің артуы суперпрезиденттік жүйеден арылуға жол ашады дейді

Almaty.tv

Ата Заңға енгізілетін өзгерістер «Жаңа Қазақстанды» қалыптастыруға ықпал етеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда бас қосқан саясаттанушылар мен дінтанушылар Президент бастамаларына қатысты осындай пікір білдірді. Дөңгелек үстелге қатысушылар Парламент пен мәслихат өкілеттілігінің артуы суперпрезиденттік жүйеден арылуға жол ашады дейді.

«Президенттік басқару ғана емес Парламентке де өзі дауыс беріп, заң қабылдауға, шығаруға басымдық беріліп жатыр. «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші белгілі бір мәселені көпшіліктің шешуіне ықпал етеді», – деді Философия, саясаттану және дінтану институты дінтану орталығының директоры Алмасбек Шағырбай.

Сарапшылардың айтуынша, Конституциядағы жаңа өзгерістердің нәтижесінде халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайынан бөлек, құқық қорғау мүмкіндігіне жол ашылады.

«Ауыл әкімдерін немесе облыс әкімдерін сайлаудағы өзгерістер өте құптарлық мәселе. Себебі осыған дейін жаман елде өмір сүрген жоқпыз, әрине. Дегенмен де осы жасалған оң қадамдар бізге өте оңтайлы және ұнамды іс-әрекеттер деп ойлаймыз», – деді Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері Еңлік Қасабекова.