Мемлекет басшысы қарапайым адамдардың мүдделерін елемеу жаппай орын алып отырғандығын баса айтты
Жаңа Қазақстан – бұл шындығында әділетті Қазақстан. Бұл туралы AMANAT партиясының кезектен тыс XXIII съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Біздің азаматтарымыз «Жаңа Қазақстан дегеніміз не?» деген сұрақты өте жиі қояды. Меніңше, бұл сауалға қысқа әрі толыққанды жауап беруге болады. Жаңа Қазақстан – бұл шындығында әділетті Қазақстан. Келісетін шығарсыздар, азаматтарымызға әлеуметтік әділеттілік жетісе бермейді», – деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысы қарапайым адамдардың мүдделерін елемеу жаппай орын алып отырғандығын баса айтты. Өкінішке қарай, сорақы әділетсіздік мемлекеттік аппарат өкілдері тарапынан орын алатындығына қынжылыс білдірді.
«Осыдан азаматтардың билік институттарына тұрақты сенімсіздігі қалыптасып отыр. Сондықтан AMANAT партиясының алдында осынау барынша қолайсыз ахуалды түзету сынды ауыр міндет тұр. Сіздер халық өкілдерімен алдыңғы шепте жүруге, азаматтық қоғам мен билік арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді арнасына айналуға тиіссіздер», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.