Ұрпағының тағдырын Қазақстанмен ғана байланыстыратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі

11.01.2022 21:23

Президент кәсіпкерлікті реттейтін жаңа заң бизнеске түскен бюрократиялық салмақты айтарлықтай азайтатынын атады

Almaty.tv

Ұрпағының тағдырын Қазақстанмен ғана байланыстыратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында кәсіпкерлікті реттейтін жаңа заң бизнеске түскен бюрократиялық салмақты айтарлықтай азайтатынын атады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл жүйенің өзегінде қоғам алдындағы жауапкершілігі сезіне білетін кәсіпкерлеріміздің ауқымды тобы тұратынын тілге тиек етті. Дәл сондай кәсіпкерлер ел болашағы үшін өзіне жауапкершілік алуға дайын екенін айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жанар-жағармай бағасын реттеуге қатысты пікір білдірді.  

«Жылдан жылға біздің азаматтарымыз бен кәсіпкерлеріміз жанар-жағармай өндіру және оны бөліп тарату жүйесінің ашық болмауынан зардап шегіп келеді. Тіпті, жанар-жағармай бағасын жарты жыл бойы қолдан реттеуге мәжбүр болып отырмыз. Осы кезеңде Бас прокуратура Бәсекелестікті қорғау және даму агенттігімен, сондай-ақ Энергетика министрлігімен бірлесіп, осы саладағы жұмыстарды ретке келтіруге, оны реформалау үшін кешенді ұсыныстар әзірлеуге тиіс. Егер бұл жұмыс бір жолға қойылмаса, жанар-жағармай бағасын реттеу жүйесі сақталады», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент Үкіметке 2 айдың ішінде халықтың табысын арттыру бағдарламасын дайындауды тапсырды. Жұмысқа орналастыруды қажет ететін азаматтардың нақты санын анықтап, Әлеуметтік кодекстің уақытында қабылдануын қамтамасыз етуді жүктеді. Мемлекет басшысы халықтың несиесіне қатысты да айтты.  

«Қаржы жүйесінің тұрақтылығы экономиканы одан ары дамытудың кепілі екені белгілі. Экономика өсіп, халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан тұтыну несиелері айтарлықтай артты. Оның мөлшері бизнесті несиелеу көлемінен асып кетті. Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Осыны ескерсек, бұл қаржы нарығын құбылтып, әлеуметтік тұрақсыздық қауіпін тудыруы мүмкін. Үкімет жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеуді бастады. Бірақ бұл тығырықтан шығаратын жол емес. Ең алдымен, шектен тыс қарыздың көбеюін болдырмау керек. Сондықтан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Ұлттық банкпен пруденциалды реттеу тетіктері арқылы нақты әрі нақты шешім қабылдауды тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.